Tarlan Astana станцияларында құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары күшейтілді

Tarlan Astana станцияларында құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары күшейтілді

LRT станцияларында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және жолаушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған тұрақты профилактикалық акциялар өтуде.

Көлік прокуратурасының қызметкерлері көлік полициясымен бірлесіп, көлік нысандарындағы қауіпсіз мінез-құлық ережелерін түсіндіріп, әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықты еске салады, сондай-ақ азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, ақпараттық жадынамалар таратады.

Tarlan Astana іске қосылған сәттен бастап барлық станциялар мен пойыздарда көлік полициясының қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік етуде. Осы уақыт ішінде жолаушылардан түскен 34 өтініш қаралып, 10 әкімшілік материал толтырылды. Сонымен қатар иелеріне 113-тен астам ұмытылған заттар, соның ішінде ұялы телефондар, сөмкелер және басқа да жеке мүліктер қайтарылды.

Профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіледі және барлық жолаушылар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

 

Бас көлік прокуратурасы