Ашық сот процесі арқылы құқық бұзушылықтың алдын алу

Ашық сот процесі арқылы құқық бұзушылықтың алдын алу

Елордада жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған көрсетілімдік сот процесі өтті. Оған Астана қаласының Әуе көлігі прокуратурасы мен сот органдары бастамашы болды.

Әуежай арқылы кастет өткізуге әрекеттенген кезде ұсталған студентке қатысты қылмыстық іс қаралды. Оның бұл затты интернет арқылы сатып алып, кейін заңсыз сақтағаны және өзімен бірге алып жүргені анықталды.

2026 жылғы 19 наурызда Астана қаласының халықаралық әуежайында жолаушыларды тексеру кезінде оның қол жүгінен кастет табылды. Маманның қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат соққы беру-жаншу қаруына (суық қару) жатады.

Істі қарау нәтижесі бойынша сот сотталушыны кінәлі деп танып, оған 40 сағаттық қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындады.

Отырыс ашық форматта өтті, оған еліміздің барлық өңірінен 1000-нан астам студент бейнеконференц байланыс арқылы қосылды. Бұл кең ауқымды профилактикалық шараны қамтамасыз етуге және құқыққа қайшы әрекеттердің салдары қандай болатынын көрнекі түрде көрсетуге мүмкіндік берді.

Шараның басты мақсаты – жастарға кастеттің зиянсыз зат емес екенін, оны заңсыз сақтау және алып жүру заңмен белгіленген жауапкершілікке әкеп соғатынын жеткізу.

Прокуратура азаматтарды заңнама талаптарын сақтауға және кез келген құқыққа қайшы әрекеттің заңды салдары болатынын есте сақтауға шақырады.

 

Бас көлік прокуратурасы