Бас көлік прокуратурасы мерейтойын атап өтуде!

Бас көлік прокуратурасы мерейтойын атап өтуде!

Бас көлік прокуратурасының органдары құрылғаннан бері 10 жыл өтті. Көлік прокуратураларын құру процесі ұзақ және өте жемісті болды. Көліктегі бас қадағалау органын құру туралы бірінші бұйрыққа қол қойылған күннен бастап алғашқы он жылдағы жетістіктер туралы Қазақстанның Бас көлік прокуроры Ернат Сыбанқұлов айтып берді.

Айта кету керек, Тәуелсіз Қазақстан үшін көлік кешені тек жүк тасымалдау жүйесі ғана емес, сонымен қатар мемлекет құрушы фактор болып табылады.

Құқық қорғау органдарын реформалау аясында Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 17 тамыздағы «Құқық қорғау және сот жүйелерінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен Бас прокуратураға көлік прокуратура жүйесін оңтайландыру тапсырылды.

Осыған байланысты 2010 жылдың 1 қарашасында Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қайрат Мәми үш мемлекеттік мекемені - Оңтүстік-Шығыс өңірлік көлік прокуратурасын, Батыс өңірлік көлік прокуратурасын және Орталық өңірлік көлік прокуратурасын қайта ұйымдастыру және біріктіру арқылы «Бас көлік прокуратурасын құру туралы» № 241/6 бұйрық шығарды.

Ал 2010 жылдың 8 қарашасында Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының № 304/6 бұйрығымен «Бас көлік прокуратурасы» мемлекеттік мекемесі туралы Ереже бекітілді және заңды тұлға ретінде Астана қаласы бойынша Әділет департаментінде 2010 жылдың 10 қарашасында тіркелді.

- Дәл осы күннен бастап еліміздің қадағалау жүйесіндегі мамандандырылған орган ретінде Бас көлік прокуратурасының қалыптасуы мен дамуының жаңа кезеңі басталды. Бас көлік прокуратурасының құрамына Астана, Алматы қалаларында, облыс орталықтарында, сондай - ақ Арыс, Жезқазған, Дружба, Қандыағаш, Семей және Шу көлік тораптарында орналасқан 24 аудандық көлік прокуратуралары кірді, - деп атап өтті ведомство басшысы.

 Сол кезде көліктегі бас қадағалау органы қызметкерлерінің алдында көліктегі (темір жол, автомобиль (қалааралық), теңіз, ішкі су, әуе, қалалық рельс және магистральдық құбыр (су құбырларынан басқа) заңдардың нақты және біркелкі қолданылуын мемлекеттік билік пен басқарудың орталық және жергілікті органдарының, меншік нысанына қарамастан шаруашылық жүргізуші субъектілердің қадағалауын жүзеге асыру міндеті қойылды.

Жеті жылдан кейін Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2017 жылдың 3 қарашасындағы № 126 бұйрығымен өкілеттігі бекітіліп, көлік прокурорларына қосымша ғарыш саласында қадағалау жүргізу жүктелді. 

- Соңғы 10 жылда Бас көлік прокуратурасының әлеуметтік маңызы бірнеше есе артты. Бұл ретте, Еуразиялық және әлемдік кеңістіктегі, оның ішінде Кеден одағы, ЕАЭО шеңберіндегі интеграция процестерін ескере отырып, көлік әлеуетінің маңыздылығы күшейе түсуде.

Бүгінде Бас көлік прокуратурасы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының көлік саласындағы мамандандырылған органы болып табылады, мемлекет атынан заңдылықтың сақталуына заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекет мүддесін білдіреді және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады, - деп атап өтті Сыбанқұлов.

Ведомство басшысы атап өткендей, барлық жетістіктер ардагерлер мен еңбек сіңірген қызметкерлердің көлік прокуратурасы органдарының беделін нығайту ісіне қосқан ерекше үлесінсіз жүзеге асырылмайтын еді, соның арқасында жинақталған тәжірибе қызметкерлердің жаңа буынына берілді.

- Біздің ортақ және игілікті ісімізге айрықша үлес қосқан біздің қиын қызметіміздің ардагерлеріне жеке тоқталғым келеді! Бас көлік прокуратурасы органдарының бірінші басшысы болып прокуратураның құрметті қызметкері, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Ыбрай Әшімханұлы Тлеуғалиев тағайындалды (2010-2016ж.ж.). Оның орынбасарлары әр жылдары аға әділет кеңесшілері Азамат Сембайұлы Жылқыбаев, Болат Қасымұлы Абдулов, Алпысбай Ыбырайұлы Тұрсынбеков, Асылбек Туркбайұлы Абдраимов, Сайфулла Насырұлы Кемалов, Ләззат Бақтыбайқызы Жанысова және аппарат басшысы прокуратураның құрметті қызметкері - аға әділет кеңесшісі Бақытжан Байшұраұлы Нұғманов болды, - деп атап өтті прокурор.

Ернат Сыбанқұловтың айтуынша, Ыбырай Тілеуғалиевтің басшылығымен көлік прокурорлары көліктегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға үлкен үлес қосқан. Көлік саласындағы қадағалауды дамытудың стратегиялық жоспарында айқындалған барлық нысаналы индикаторларға қол жеткізілді.

Одан кейін көлік прокуратурасы органдарының басшысы болып аға әділет кеңесшісі Марат Тілеуқабылұлы Әлиханов (2016-2018ж.ж.), ал оның орынбасарлары болып аға әділет кеңесшілері Ләззат Бақтыбайқызы Жанысова, Мақсат Керімбайұлы Дүйсенов және әділет кеңесшісі Жазира Аликқызы Нұрлыбекова тағайындалды.

Әділет аға кеңесшісі Мақсат Керімбайұлы Дүйсенов басшылық еткен кезеңде (2018-2019ж. ж.) аға әділет кеңесшілері Қанат Қуанышұлы Елшібаев, Жазира Аликқызы Нұрлыбекова және Қуаныш Ержанұлы Аблезов орынбасарлары болды.

Қазіргі уақытта Бас көлік прокуратурасының органдарын прокуратураның құрметті қызметкері - 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Ернат Мұхаметқалиұлы Сыбанқұлов басқарады, оның орынбасарлары аға әділет кеңесшілері Еламанов Жасұлан Бекмырзаұлы, Аблезов Қуаныш Ержанұлы және Ерназаров Манарбек Мақсұтбекұлы жұмыс істейді.

- Бұл кезеңде біздің қызметіміз адамдардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ғана емес, сондай-ақ елдің көлік кешенінде заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге және көліктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша уәкілетті органдардың құзыретін дамыту мен нормативтік-құқықтық реттеуді жетілдіруге бағытталды.

Көлік және ғарыш саласын дамыту бойынша бірқатар өткір проблемалар, Қазақстан арқылы тауарларды транзиттік өткізу кезінде экспорттық бақылау мәселелерінің реттелмеуі, әуе, теміржол және басқа да көлік түрлеріндегі қауіпсіздік саласында мемлекеттік саясат пен бақылауды жүзеге асыру кезіндегі кемшіліктер ашылды, - деп атап өтті ведомство басшысы.

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Бас көлік прокуратурасының бастамасымен көліктегі неғұрлым проблемалық мәселелер туралы Мемлекет басшысын хабардар етті, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің атына заң бұзушылықтарды жою туралы бірқатар актілер жіберілді.

Өткен 10 жыл ішінде көлік-логистикалық кешенді дамыту үшін аз жұмыс жасалмады, бірақ мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңа көзқарастарды ескере отырып, көліктегі басты қадағалау органының алдына қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін әлі де көп жұмыс атқару қажет.

- Барлық ардагерлерді және Бас көлік прокуратурасының барлық жеке құрамын кәсіби мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық және көлікте заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту жөніндегі міндеттерді орындауда одан әрі жемісті жұмыс пен табыс тілеймін! - әріптестерін Бас көлік прокуроры Ернат Сыбанқұлов құттықтады.

Бас көлік прокуратурасы