Жол саласындағы «өлі жандар»: ШҚО-да заңдылық қалпына келтірілді

Жол саласындағы «өлі жандар»: ШҚО-да заңдылық қалпына келтірілді

Шығыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар автожолдарды күтіп ұстаумен айналысқан «ҚАЖсервис» ЖШС филиалындағы жұмысқа жалған орналастыру туралы қылмыстық істі қарау аяқталды.

Сот кәсіпорынның бұрынғы директоры іс жүзінде жұмысқа шықпаған адамдарды ресімдеп, оларға жалақы төлеп келгенін анықтады. Уақытты есепке алу табельдері мен қаржылық құжаттар лауазымды тұлғалар мен олардың туыстарының өтініші бойынша бекітіліп отырған.

Бірінші сатыдағы сот сотталушыға қатысты амнистияны негізсіз қолданған болатын, алайда көлік прокуратурасының өтінішхаты бойынша апелляциялық инстанция бұл шешімнің күшін жойды.

Кінәлі тұлға сотталды, мемлекетке келтірілген шығын толық көлемде өндірілді.

Үкім заңды күшіне енді.

 

 Бас көлік прокуратурасы