
Бас көлік прокуратурасы мен Көліктегі полиция департаменті бірлесіп, еліміздің теміржол вокзалдары мен әуежайларында «Құқықтық дәріхана» атты ауқымды алдын алу акциясын өткізді.
Іс-шара азаматтардың құқықтық мәдениет деңгейін арттыруға, құқық бұзушылықтың алдын алуға, «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыруға, сондай-ақ халықпен кері байланысты қамтамасыз етуге бағытталған. Акцияның форматы азаматтарға қолжетімді әрі ашық жағдайда білікті құқықтық көмек алуға мүмкіндік берді.
Науқан барысында қатысушылар алдын ала жазылусыз құқық қорғау органдарының басшылығы мен бейінді мамандарына тікелей жүгіне алды. Азаматтарды негізінен әкімшілік және көші-қон заңнамасы, өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері қызықтырды.
Мұндай іс-шаралардың негізгі міндеті — құқық қорғау органдарының ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру, азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою және практикалық құқықтық көмек көрсету. Өзара іс-қимылдың мұндай форматы қоғамның құқық қорғау жүйесіне деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Бас көлік прокуратурасы заңдылық пен құқықтық тәртіп қағидаттарын нығайту мақсатында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Құқықтық дәріхана» алдын алу акциясын өткізуді жалғастыруда.
Бас көлік прокуратурасы