Көлік прокуратурасы органдарының, полицияның, көлік бақылау инспекциясының және «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның бірлескен күшімен, ағымдағы жылдың 8–10 қаңтары аралығында жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдалану фактілерінің жолын кесуге бағытталған жедел-профилактикалық іс-шара өткізілді.
Іс-шара барысында елдің республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жалған, қолдан жасалған немесе оқылмайтын мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері бар көлік құралдарын басқарудың 900-ден астам фактісі анықталды.
Анықталған барлық фактілер бойынша жүргізушілерге қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданып, оның ішінде айыппұл салу, сондай-ақ сот шешімдеріне сәйкес өзге де жауаптылық шаралары қолданылды.
Талдау көрсеткендей, жүргізушілер жалған нөмірлік белгілерді көбінесе ақылы автомобиль жолдарымен жүріп өткені үшін төлем жасаудан жалтару, белгіленген жылдамдық шектеулерін асыру, сондай-ақ салмақ-габариттік бақылаудан өту кезінде жүк көліктерінің нақты салмағын жасыру мақсатында пайдаланады.
Сонымен қатар, өткен жылдың қорытындысы бойынша ел аумағында жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдалану бойынша 40 мыңнан астам факт анықталған.
Прокуратура органдары мұндай құқық бұзушылықтар жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатер төндіріп, жол-көлік оқиғаларының туындауына ықпал ететінін атап өтеді.
Осы бағыттағы жұмыс жалғастырылатын болады.
Бас көлік прокуратурасы