Қылмыскерлердің есірткі контрабандасының жаңа әдістерін талқылау

Қылмыскерлердің есірткі контрабандасының жаңа әдістерін талқылау

Азаматтар өздері білмей-ақ жиі есірткі қылмыстарына тартылып жатады. Қылмыскерлер адамдардың хабарсыздығын пайдаланып, олардың атына есірткі құралдары мен психотроптық заттары бар пошта жөнелтілімдерін рәсімдейді. Көпшілік мұндай сәлемдемені алу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 286-бабында көзделген қылмыстық жауаптылыққа әкелетінін түсіне бермейді.           

Дәл осындай жағдайлардың алдын алу және азаматтарды қылмыстық іс-әрекеттерге тартылудан қорғау мақсатында «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында Бас көлік прокуратурасы Астана қаласының сотымен бірлесіп, пошта жөнелтілімдері арқылы келетін есірткінің контрабандасын анықтаудың жаңа әдістері мен тәсілдерін талқылауды бастамашы болды.

Талқылауға Қаржылық мониторинг агенттігінің және Көліктегі полиция департаментінің өкілдері қатысты. Пошта жөнелтілімдері арқылы жасалатын есірткі контрабандасына қатысты қылмыстық істер бойынша сот-тергеу тәжірибесіне, сондай-ақ мұндай қылмыстарға қарсы тиімді тетіктерді әзірлеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Жеке тоқталған мәселе – профилактика. Яғни халыққа бөгде адамдардан келген сәлемдемелердің қауіптілігі туралы, сондай-ақ жөнелтілімнің мазмұны белгісіз болуы қылмыстық жауаптылықтан босатпайтыны жөнінде ақпарат жеткізу.

Бас көлік прокуратурасы