2025 жылғы 25 шілдеде Бас көлік прокуратурасында теміржол көлігіндегі заңдылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңейтілген алқа отырысы өтті.
Негізгі назар уәкілетті органдар мен «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ, соның ішінде Магистральдық желі дирекциясының қызметіне аударылды.
Прокурорлық тексерулер нәтижесінде олардың қызметінде елеулі жүйелі проблемалар анықталды.
Магистральдық жолдардың кейбір учаскелерінің тозуы, электр беру желілері, байланыс және сигнал беру жүйелерінің, сондай-ақ теміржол көпірлерінің жөндеуді қажет етуіне байланысты шаралар қабылданбау себептері қаралды.
Тексеру аясында прокуратура бастамасымен жалпы ұзындығы 274 шақырымды құрайтын 29 жол учаскесі анықталған бұзушылықтар жойылғанға дейін уақытша жабылды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде аталған бұзушылықтар толығымен жойылып, жол учаскелері қауіпсіз режимде жұмысын жалғастыруда.
Жұмысшылардың еңбек құқықтарының бұзылуы тіркелді — сыйақы төлеудің тиісті деңгейде жүргізілмеуі, сапасыз арнайы киім мен құралдардың сатып алынуы, сондай-ақ олардың уақтылы берілмеуі.
Прокурорлық қадағалау актісі негізінде Ақтау теңіз порттарымен теміржолды жалғайтын бес магистральдық жол мемлекеттік меншікке қайтарылды.
Алқа отырысының қорытындысы бойынша көлік прокуратурасы уәкілетті органдардан анықталған кемшіліктерді жою және олардың қайталануына жол бермеу бойынша кешенді шаралар қабылдауды талап етті.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда және ерекше бақылауда тұр.
Бас көлік прокуратурасы