Ерекше бақылау: прокуратура қозғалысы шектеулі жолаушылардың құқықтарын қалай қорғайды

Ерекше бақылау: прокуратура қозғалысы шектеулі жолаушылардың құқықтарын қалай қорғайды

Авиациялық көлік прокуратурасы мүгедектігі бар адамдар мен қозғалысы шектеулі азаматтардың құқықтарының сақталуына ерекше назар аударады.

Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдар Конституциямен бекітілген барлық әлеуметтік-экономикалық және жеке құқықтар мен бостандықтарға толық ие.

Мысалы, өткен жылдың қараша айында отандық әуе компаниялардың бірі жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзып, Санкт-Петербург – Астана рейсімен келген мүмкіндігі шектеулі кәмелетке толмаған жолаушыға қызмет көрсетпеген. Атап айтқанда, әуежайға қонғаннан кейін оған арба-кресло берілмеген.

Астана қаласының авиациялық көлік прокуратурасының актісі бойынша әуе компаниясы ӘҚБтК-нің 571-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайында мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету үшін 28 агент бөлінген. Сондай-ақ, қозғалысы шектеулі жолаушыларға қолайлы жағдайлар жасалған:

қызмет көрсету үшін арнайы алып жүру жүйесі қарастырылған;

4 арнайы жабдықталған бөлме бар;

автотұрақта және терминал ғимараттарында шұғыл көмекке шақыру тетіктері орнатылған;

көзі нашар көретін жолаушыларға арналған тактильді жолақтар салынған;

анықтама бюролары есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған индукциялық құрылғылармен жабдықталған;

мүгедектігі бар жандарға арналған автотұрақ орындары қарастырылған.

Статистикалық деректерге сәйкес, ағымдағы жылдың өткен кезеңінде әуежайда 20 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адамға қызмет көрсетілген. Оның ішінде 13 мыңы — ұшып кетушілер, 7 мыңнан астамы — ұшып келушілер.

Қосымша ретінде хабарлаймыз: мүгедектігі бар жолаушылар өзімен бірге жеке пайдалануға арналған зембіл мен арба-креслоны жүк ретінде тегін алып жүруге құқылы.

Егер сіз өз құқықтарыңыздың бұзылғанына тап болсаңыз, Астана қаласының авиациялық көлік прокуратурасына жүгіне аласыз.

 

#Заң_мен_Тәртіп

#ЗАҢменТӘРТІП

#Заңбәрінеортақ

Бас көлік прокуратурасы