Психотроптық заттарды өткізген кәмелетке толмаған азамат сотталды

Психотроптық заттарды өткізген кәмелетке толмаған азамат сотталды

Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Түлкібас ауданының 17 жастағы тұрғынын аса ірі көлемде психотроптық заттарды таратқаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырды.

Тергеу барысында Мынбай ауылында тұратын жасөспірім Telegram-арналары арқылы есірткі бизнесін ұйымдастырушылармен байланыс орнатып, бірнеше ай бойы Шымкент және Сарыағаш қалаларында есірткі курьері ретінде жұмыс істегені анықталды.

Қылмыстық схемаға психотроптық зат — меткатионды (мефедронның аналогы) алу және буып-түю, орау материалдарын сатып алу, әртүрлі мекенжайларға “қалта” жасау және арнайы шифрланған байланыс арналары арқылы есеп беру кіреді. Төлем криптовалюта арқылы жүргізіліп, P2P-сервистер арқылы теңгеге аударылған.

Күдіктіден 29 орам есірткі және тағы 26 орамда 41 “қалта” табылып, тәркіленді. Жалпы салмағы 136 грамнан асады.

Прокуратура ескертеді: аса ірі көлемде және қоғамдық орында жасалған есірткі саудасы ауыр қылмыс болып табылады және қатаң жазаға әкеп соғады.


Бас көлік прокуратурасы