Мемлекеттік қызметке жаңа іріктеу жүйесі

Мемлекеттік қызметке жаңа іріктеу жүйесі
Мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет екенін жақсы білеміз. Ал осы міндеттің мінсіз атқарылуы тікелей мемлекеттік қызметшіге байланысты. Мемлекет пен халық арасындағы алтын көпірді қалыптастыратын мемлекеттік қызметшіні іріктеу – жауапты әрі маңызды жұмыс. Сондықтан Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі пилоттық жоба ретінде жүзеге аспақ.
 
Мемлекеттік қызметке іріктеу және қабылдау процесін толық цифрландыру мақсатында «Е-қызмет» жүйесі жаңғыртылды. Бұл жүйе мемлекеттік қызметке үміткерлерді артық құжат жинау міндетінен босатты. Енді өзге ақпараттық жүйелерден үміткер туралы ақпарат алу, оның соттылығы, заң бұзушылықтарға қатысы бар-жоғын анықтау, тексеру және конкурс талаптарына сәйкестігін бағалау автоматты түрде жүзеге асады. Сонымен қатар, «Eqyzmet.gov.kz» жүйесінің сыртқы порталында мемлекеттік қызметке жаңа іріктеу алгоритмі әзірленді. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметке орналасуға арналған конкурстық рәсімнің барлық кезеңі, әңгімелесуден басқасы, қашықтан – онлайн форматта өткізіледі. Бұл үміткердің Қазақстанның немесе әлемнің кез келген жерінен конкурсқа қатысуына мүмкіндік береді.
 
Мемлекеттік қызметке жаңа іріктеу жүйесінің бір ерекшелігі – үміткерлердің анонимдігін қамтамасыз ету мақсатында әрбір үміткерге ID нөмір беріледі. Осылайша, конкурстың әділ әрі ашық өтуін тәуелсіз прокторинг жүйесі қамтамасыз етеді. Жаңа форматқа сәйкес, конкурстың қорытындысын ақпараттық жүйе автоматты түрде шығарады. Бұрын тестілеу барысында үміткерлер 9 нормативтік-құқықтық акт бойынша сұрақтарға жауап берсе, қазір бұл көрсеткіш 4-ке дейін қысқарды.
 
Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады:
•Жеке қасиеттерді бағалау,
•Мәтіндік және сандық ақпаратпен (SHL) жұмыс істеу қабілетін анықтау,
•Эссе жазу,
•Мемлекеттік органның конкурстық комиссиясымен әңгімелесу.
 
Пилоттық жобаның тағы бір ерекшелігі – тестілеу мен эссе жазу кезінде үміткерлердің тәртіп сақтауын прокторинг жүйесі (веб-камера) бақылайды. Іріктеу кезеңінде ең төмен балл алған үміткер автоматты түрде конкурстан шығарылады, ал үздік деп танылған үш үміткер сарапшылар комиссиясының әңгімелесу кезеңіне жолдама алады. Сарапшылар комиссиясы алдын ала қалыптастырылатын мемлекеттік орган өкілдері мен тәуелсіз бағалаушылардан тұрады.
 
Жаңа іріктеу тәсілі бойынша үміткер Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мен заңнамаларын білу тестінен өтеді. Бұл тестілеу «eqyzmet.gov.kz» сыртқы интернет-порталында қолжетімді, үміткерлер 4 заң бойынша және мемлекеттік тілді білу тестінен тәулігіне 24 сағат, аптаның кез келген күнінде өте алады.
 
Мемлекеттік қызметке іріктеудің уақытша қағидаларына сәйкес, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі үміткерлерге арнайы көмекші құрал – жадынама әзірледі. Бұл құралда конкурсқа қатысу қадамдары, үміткерлерге қойылатын талаптар, тестілеу бағдарламасы, іріктеу және конкурс кезеңдерінің сипаттамасы толық көрсетілген.
 
Ең бастысы – әрбір үміткер өз ана тілін жетік меңгерген, саналы, білімді, білікті, еліне адал қызмет ететін тұлға болуы қажет.
 
 
 
 
 
 
Алматы қаласы
мемлекеттік мүлік және
жекешелендіру департаментінің
бас маманы
Жаналина Аида