Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының іске асырылу барысы туралы

Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының іске асырылу барысы туралы

Мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқарту және жеке бизнесті одан әрі дамыту мақсатында мемлекеттік меншік объектілері мен квазимемлекеттік секторды жекешелендіру және бәсекелестік ортаға беру процесі жалғасуда.

Бұл процесс Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы реформалар жөніндегі Жоғары Кеңес мақұлдаған және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы № 908 қаулысымен бекітілген Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары (бұдан әрі – жекешелендіру жоспары) шеңберінде жүргізіледі.

Ағымдағы жылы жаңа жеке операторлардың пайда болуына жол бермеу үшін экономиканы монополиясыздандыру бойынша жүргізіліп жатқан іс-шараларды ескере отырып, жекешелендіру жоспарына нақты өзгерістер енгізілді.

Осылайша, квазимемлекеттік сектор субъектілерін жекешелендіру жоспарына енгізудің нақты өлшемшарттары айқындалды және Жекешелендіру жоспары объектілерінің тізбелері тұтастай қайта қаралды.

Атап айтқанда, тіршілікті қамтамасыз етудің 217 әлеуметтік маңызы бар нысаны алынып тасталды. Бұл ретте Жекешелендіру жоспары Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ ұсыныстары бойынша нарықтық шоғырлану деңгейі жоғары 171 объектімен толықтырылды.

Қазіргі уақытта Жекешелендіру жоспары 675 мемлекеттік меншік объектілері мен квазимемлекеттік секторды қамтиды. Осы саннан «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ 6 ірі компаниясын IPO арқылы бәсекелестік ортаға беру жоспарлануда – бұл Қазақстан темір жолы, Қазмұнайгаз, QazaqGaz, Самұрық-Энерго, Эйр Астана және KEGOC.

Бүгінгі таңда жекешелендіру жоспары аясында 295,6 млрд. теңге сомасына 352 объект бәсекелестік ортаға берілді және 62 объект қайта ұйымдастыруға/таратуға жіберілді.

Ірі компаниялар бойынша IPO Қазмұнайгаздан басталды және ағымдағы жылдың қараша-желтоқсан айларында екі қазақстандық биржалық алаңда – Қазақстан қор биржасында (KASE) және «Астана»халықаралық қаржы орталығының биржасында (AIX) өтті. IPO-ның жалпы көлемі шамамен 154 млрд. теңгені құрады, берілген өтінімдер саны – 130 мыңға жуық, Қазақстаннан келген инвесторлардың, оның ішінде азаматтардың үлесі – 95%-дан астам. Осы IPO қорытындысы бойынша Қазмұнайгаздың орналастырылған жай акцияларының жалпы санының 3%-ы сатылды.

Жекешелендіру жоспары 61,3% орындалды.

Жалпы Жекешелендіру жоспарын іске асыру қорытындысы бойынша   2025 жылдың соңына қарай мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін ЖІӨ-ге    14% -ға дейін қысқарту жоспарлануда.

 

 

ҚР ҚМ Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Б.Х. Тәшенов