
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінде мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәдениетін арттыруға және заңнаманы сақтауға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға бағытталған профилактикалық семинар өтті.
Іс-шара шеңберінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілдері Д. Байбазаров пен Е. Санатов алкогольдік ішімдіктерді ішуге және қоғамдық орындарда мас күйінде жүруге, сондай-ақ көлік құралдарын алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде басқаруға жол бермеу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қатысушыларға қолданыстағы заңнаманың нормалары, жауапкершілік түрлері және осындай құқық бұзушылықтардың құқықтық салдары егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Материалды неғұрлым көрнекі қабылдау үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілдері ҚР ҚМ Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті қызметкерлерінің қатысуымен интерактивті ойын ұйымдастырды, оның барысында өмірлік мысалдармен есірткі құралдарын қолданудың жойқын салдары көрсетілді. Қатысушылар есірткіге тәуелділіктің адам тағдырына қалай әсер ететінін, отбасылық қатынастардың бұзылуына, денсаулығының, әлеуметтік мәртебесінің жоғалуына әкелетінін және көбінесе қылмыс жасауға себеп болатынын көре алды.
Мұндай іс-шараларды өткізу мемлекеттік қызметшілерде жоғары құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, заңдылық пен жеке жауапкершілік қағидаттарын нығайтуға, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді. ҚР ҚМ Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті қызметтік әдеп нормаларын сақтауға және азаматтардың мемлекеттік қызметке деген сенімін арттыруға бағытталған шараларды дәйекті түрде іске асырады.