
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы 2025 жылғы жұмыс қорытындыларын таныстырды.
Жыл қорытындысы бойынша республикалық бюджетке мемлекеттік активтерді басқарудан 193,2 млрд теңге кіріс түсті. Оның ішінде мемлекеттік акциялар пакеттері бойынша дивидендтер, қатысу үлестерінен түскен кірістер және мемлекеттік кәсіпорындардың таза табысының бір бөлігі бар.
Негізгі нәтижелердің бірі – 2021–2025 жылдарға арналған Жекешелендірудің кешенді жоспарының аяқталуы болды. Бәсекелестік ортаға мемлекеттік меншік пен квазимемлекеттік сектордың 402 объектісі 977,2 млрд теңге сомасына берілді, тағы 68 объект қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілді. Ең ірі мәмілелер қатарында жалпы сомасы шамамен 187 млрд теңгені құраған «ҚазМұнайГаз», «Эйр Астана» және KEGOC ұлттық компанияларының IPO лары бар.
2026 жылдан бастап мемлекеттің экономикадағы үлесін одан әрі қысқартуды көздейтін 2026–2030 жылдарға арналған жаңа Оңтайландыру жоспары іске асырылуда. Жоспар мемлекеттік меншік пен квазимемлекеттік сектордың 500 объектісін қамтиды. Бүгінгі күні 42 объект бойынша іс-шаралар орындалды.
Мемлекетке қайтарылған активтерді басқару жұмыстары жалғасуда. Арнаулы мемлекеттік қорға түскен қаражаттың жалпы көлемі 593,2 млрд теңгеге жетті. Осы қаражат есебінен еліміз бойынша денсаулық сақтау, білім беру, сумен жабдықтау, спорт, көлік және энергетика салаларындағы жалпы сомасы 553,7 млрд теңгені құрайтын 483 әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба қаржыландырылды.
Мемлекеттік мүлікті басқару процестерін цифрландыру маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Жекешелендірудің барлық рәсімдері 54 мемлекеттік ақпараттық жүйемен интеграцияланған және 368 мыңнан астам пайдаланушысы бар «Мемлекеттік мүлік тізілімі» ақпараттық жүйесі арқылы ашық электрондық сауда форматында өткізіледі.
2026 жылы Комитет Оңтайландыру жоспарын іске асыруды, процестерді цифрлық трансформациялауды және мемлекеттік активтерді басқару тиімділігін арттыруды жалғастырады.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті (бұдан әрі - Комитет) «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес 2026 жылғы 12 маусымда Комитет қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдау нәтижелерін жария талқылауды жоспарлайды.
Жария талқылауға қатысу сұрақтары бойынша 8 (7172) 71-71-80 телефонына хабарласу қажет.
Құрметті әріптестер!
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнімен құттықтаймыз!
Мемлекеттік рәміздер - ұлттық бірегейліктің негізі, еліміздің тәуелсіздігін, бірлігі мен егемендігін бейнелеу. Туды, Елтаңбаны және Әнұранды құрметтеу-патриотизмнің, азаматтық жауапкершіліктің және Отанға деген сүйіспеншіліктің көрінісі.
Мемлекеттік рәміздерді дәріптеу ұлттық рухты нығайтуға, өскелең ұрпақты Қазақстанның тарихына, мәдениеті мен құндылықтарына құрмет рухында тәрбиелеуге ықпал етеді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері бізді әрқашан еліміздің өркендеуі жолындағы жаңа жетістіктерге шабыттандырсын!
Құрметпен,
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің
Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті
Бүгін, 2026 жылғы 03 маусымда Ақмола мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінде кадр және құқық жұмысы бөлімінің басшысы Т. Хасеинов конституциялық өзгерістерді кешенді түсінуді қалыптастыру және мемлекеттік басқару саласындағы құқықтық және конституциялық сауаттылық деңгейін арттыру мақсатында департамент қызметкерлері үшін «Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі новеллалары» тақырыбында оқыту семинарын өткізді.
Бұл оқыту Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 8 сәуірдегі № 237 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Конституциясын түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 2026 жылға арналған Қазақстан Республикасының Конституциясын ілгерілету жөніндегі ұйымдастырушылық шараларына сәйкес жүзеге асырылды.
Дәріс барысында баяндамашы негізгі конституциялық жаңалықтардың келесі бағыттарына тоқталды: мемлекеттік басқару реформасы, сот төрелігі және құқық қорғау тетіктері, әлеуметтік-экономикалық блоктағы жаңалықтар (мәдениет, білім, ғылым және инновациялар, экологиялық жауапкершілік), Негізгі Заңды өзгерту тәртібі.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің бұйрығымен Нұрмахан Әділбеков ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Жаңа басшыны ұжымға ҚР Қаржы министрлігінің Аппарат басшысы Эрнар Ержанов таныстырды.
Нұрмахан Әбілқасымұлы 1973 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Ол Қазақ мемлекеттік басқару академиясы мен Қазақ гуманитарлық-заң университетін тәмамдап шыққан.
Еңбек жолын 1994 жылы бастаған Н.Әділбековтің кәсіби мансабының едәуір бөлігі Қаржы министрлігінде, оның ішінде Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің жүйесінде өткен. Айталық, әр жылдары комитет пен оның аумақтық бөлімшелерінде басшылық қызмет атқарып, сондай-ақ Ақпараттық-есепке алу орталығында жұмыс істеген.
2024-2026 жылдар аралығында Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті төрағасының орынбасары болып еңбек етті.
«Құрмет» ордені, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік және ведомстволық награданың иегері.
2026 жылғы 29 мамырда Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің қызметкерлері «Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің» студенттерімен кәсіби бағдар беру кездесуін өткізді.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кадр қызметі департаментінің тапсырмасы аясында ұйымдастырылды.
Кездесуді Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті басшысының орынбасары Имангазина Айгерим Мухитовна, Кадр және құқықтық жұмыс бөлімінің басшысы Хаметова Акжайык Касымбековна, Мүлікті иелену бөлімінің бас маманы Садуакасова Дильназ Сериковна және Заңды тұлғалармен жұмыс бөлімінің бас маманы Сатиллаева Дана Бекболатқызы жүргізді.
Кездесу барысында студенттерге Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің қызметі, мемлекеттік қызметке кіру тәртібі, мансаптық мүмкіндіктер мен жас мамандарға арналған тәжірибе бағдарламалары туралы ақпарат берілді.
Кездесудің негізгі мақсаты – студенттердің мемлекеттік қызметке қызығушылығын арттыру, кәсіби бағыт-бағдар беру және болашақ мамандармен өзара ынтымақтастықты нығайту.
Алматы қаласы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінде Кадр және құқықтық жұмыс бөлімінің бас маманы – Укертаева Айгерім Қанатқызы мемлекеттік қызмет саласындағы өзгерістер бойынша ақпараттық семинар өткізді.
Семинар барысында:
- мемлекеттік қызметке кіру тәртібіндегі өзгерістер;
- ЖҚБ және заңнаманы білуге арналған тестілеу кезеңдері;
- мемлекеттік қызметшілерге қойылатын жаңа талаптар;
- конкурстық рәсімдер мен бағалау тетіктері түсіндірілді.
Іс-шараның мақсаты – қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру және мемлекеттік қызмет саласындағы өзекті өзгерістермен таныстыру.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің 21.05.2026 жылғы №КГИП-02-КГ/596-И хатымен жолдаған жоғары оқу орындарынының үздік түлектерін Қаржы Министрлігінің органдарына жұмысқа орналастыру тетігін пысықтау мақсатында Жамбыл мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік қазынашылық департаментімен бірлесе отырып, М. Х. Дулати атындағы Тараз университетінің түлектерімен кездесу ұйымдастырды. Жамбыл мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі уәкіл Шертаев Құрманғазы Рахымжанұлы және Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік қазынашылық департаменті басшысының орынбасары Бухашев Жазылбек Әшкеұлы түлектерді жалпы мемлекеттік қызметпен таныстырып, өз салалары бойынша айтып өтті.
Қазіргі таңда мемлекетімізге жаңаша ойлайтын, цифрлық технологияларды меңгерген және ең бастысы — өз еліне, туған өңіріне адал қызмет еткісі келетін жас мамандар ауадай қажет. Біздің департамент — мемлекеттік активтерді басқару, республикалық меншікті оңтайландыру, тәркіленген және мемлекет мүлкін жекешелендіру процестерін жүзеге асыратын аймақтағы басты мемлекеттік орган болып табылады.
Жоғары оқу орнын GPA көрсеткіші 3,33-тен төмен емес нәтижемен бітірген түлектер мемлекеттік қызметтің төменгі лауазымдарына конкурстық іріктеусіз тағайындала алады. Мұндай мүмкіндік, ең алдымен, дарынды жастарды қолдауға, мемлекеттік аппаратқа жаңа буын кадрларын тартуға және өңірлердегі кадрлық әлеуетті нығайтуға бағытталған.
Бұл тетік жастар үшін мемлекеттік қызметке келу жолын жеңілдетіп қана қоймай, олардың өз мамандығы бойынша еңбек жолын ерте бастауына мүмкіндік береді. Ал мемлекеттік органдар үшін бұл – жаңа көзқарасы бар, білімді, ізденімпаз мамандарды тартудың тиімді құралы
2026 жылғы 20 мамырда Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға сәйкес Ашық есік күні аясында Ақмола мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің оқытушылары мен түлектерінің қатысуымен кәсіби бағдар беру кездесуін ұйымдастырып, өткізді. Кездесу барысында басшы С. К. Бейсенов Департаменттің қызметін, республикалық меншікті басқару саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың негізгі бағыттарын таныстырды.
Тікелей диалог барысында іс-шара қонақтары осы саладағы мемлекеттік басқару, жекешелендіру процестері және республикалық мүлікті пайдалану тетіктері туралы толық ақпарат ала алды.
Осындай іс-шараларды өткізу мемлекеттік органдар мен жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ болашақ түлектердің кәсіби бағдарлану деңгейін арттыруға ықпал етеді.
Қостанай мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті жоғары оқу орындарының үздік түлектерін Қаржы министрлігі органдарына жұмысқа орналастыру тетігін пысықтау бойынша ішкі пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік қазынашылық департаментімен бірлесіп, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің студенттерімен кездесу өткізді.