
«Көкалажар орта мектебі» КММ математика және информатика пәнінің мұғалімі Басығара Бахтияр Қайратұлы «Жасанды интеллект – педагогтің көмекшісі: идеядан инновацияға дейін» атты республикалық байқаудың үздік қатысушыларының қатарына еніп, Оңтүстік Кореяда халықаралық тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды.
Байқауды «Білім берудегі жасанды интеллект: инновациялық технологиялар және оқу үдерісін цифрлық трансформациялау» курсының тыңдаушылары арасында ұйымдастырды. Оның негізгі мақсаты – білім беру қызметінде жасанды интеллект технологияларын тиімді қолданып жүрген педагогтерді анықтау және қолдау.
Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар жасанды интеллект құралдарын пайдалану арқылы педагогтердің күнделікті жұмысын жеңілдетуге және білім беру үдерісінің тиімділігін арттыруға бағытталған авторлық педагогикалық кейстерін ұсынды. Онлайн іріктеу қорытындысы бойынша еліміздің үздік педагогтері анықталып, Астана қаласында өткен офлайн-хакатонға шақырылды.
Астанада өткен қорытынды кезеңнің нәтижесінде үздік 20 финалист іріктеліп, оларға Оңтүстік Кореядағы тағылымдамадан өту мүмкіндігі берілді.
Қуаныштысы, осы беделді жолдаманың иегерлері қатарында ауданымыздың педагогі де бар. Бұл жетістік – кәсіби шеберліктің, жаңашылдыққа ұмтылыстың және заманауи цифрлық технологияларды білім беру үдерісіне белсенді енгізудің нәтижесі.
Әріптесімізді лайықты жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз! Халықаралық тағылымдамадан мол тәжірибе жинап, жарқын әсерлерге бөленуіне, кәсіби тұрғыдан жаңа белестерді бағындыруына және ауданымыздың білім саласының дамуына өз үлесін қоса беруіне тілектеспіз!