2025 жылғы 1 маусымда Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Жастар» стадионы мен № 2 Новоишим орта мектебі стадионында аудан бойынша 800-ден астам баланы біріктірген ауқымды мерекелік іс-шара өтті.
Мерекенің ашылуында аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Сапанов Б.А. құттықтау сөз сөйлеп, өскелең ұрпаққа мейірімділік пен мәдени дәстүрлерді сіңірудің маңыздылығын атап өтті.
Таңертеңнен бастап балалар мен ата-аналар үшін түрлі қызықты бағдарламалар ұйымдастырылды: спорттық эстафеталар, зияткерлік викториналар, көңілді байқаулар мен флешмобтар. Ерекше назар аударылған алаңдар – «Аналар мектебі», «Әкелер мектебі», «Әжелер мектебі» болды. Бұл жерде қатысушылар отбасылық тәжірибемен, мәдени дәстүрлермен және рухани құндылықтармен бөлісіп қана қоймай, шеберлік сағаттарын да өткізді: көрпеше тігіп, қазақи өрілген шаш үлгілерін жасап, ұлттық тұрмыстық бұйымдарды көрсетті.
Балаларға зор қуаныш сыйлаған ұлттық ойындар болды — «Қой көтеру», «Ләңгі ойыны», «Асық ату», «Бәйге». Ал мерекелік атмосфераны түрлі-түсті аквагрим, әсем фотозоналар, алтыбақан мен шығармашылық шеберлік сабақтары толықтырды: домбырада ойнау, сурет салу, қолөнер бұйымдарын жасау, сонымен қатар музыкалық-ойын-сауық бағдарламасы да өтті.
Кеш соңында аудандық мәдениет үйінде мультфильм көрсетілімі ұйымдастырылып, балалар мен ата-аналар шынайы мейрамның жылуын сезініп, жайлы атмосферада уақыт өткізді.
Бұл күн балаларға деген қамқорлықтың, сүйіспеншілік пен назардың нағыз символына айналды — өйткені олар біздің болашағымыз!