Мәдениет пен өнер – ұлттың рухани айнасы
Мәдениет пен өнер – ұлттың жаны, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан асыл қазынасы. Олар – халықтың рухани болмысын айқындайтын, бөлінбейтін мәйегі. Осыған орай, Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты шара аудандық Мәдениет үйінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Салтанатты кеш барысында аудан әкімі Аңбаев Руслан Әкімжанұлы құттықтау сөз сөйлеп, мәдениет саласының ардагерлері мен қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде мәдениет пен өнердің ел дамуындағы орны ерекше екенін атап өтіп, сала мамандарына шығармашылық табыс тіледі.
Іс-шара аясында 30-дан астам мәдениет қызметкері мен өнер саласының өкілдері түрлі дәрежедегі марапаттармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Кештің әсерлі жалғасы ретінде аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары, сондай-ақ «Форс» үлгілі хореографиялық ұжымы мен «Энкор» би тобы дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды. Шара соңында қонақтар фойе залында жайылған мерекелік дастарханнан дәм татты.
Мәдениет қызметкерлерінің мерекесі – бұл шығармашылық еңбектің бағаланатын, өнердің өркендейтін, руханияттың жаңғыратын күні. Мерекелеріңіз құтты болсын!