ҚР ӨҚМ Геология комитеті Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында орналасқан Құйрықтыкөл учаскесінде іздеу жұмыстарын аяқтады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі. 2022 жылы басталған зерттеулер 64,2 км² аумақты қамтыды және жер қойнауын кешенді зерттеу әдістерін қолдануды көздеді.
Зерттеу кезеңінде келесі жұмыстар орындалды: іздеу маршруттары – 126 шақырым; бұрғылау – жалпы ұзындығы 5237 метрді құрайтын 33 ұңғыма; геологиялық және фотосурет арқылы кернді құжаттау – 4713,3 метр; сынамалар алу – 1228 геохимиялық сынама және 1124 керн сынамасы.
Құйрықтыкөл учаскесі негізінен төменгі-орта девонның машан свитасының орташа және қышқыл эффузивті жыныстарымен, олардың эффузивті-обломды түрлерімен, орта девонның субвулкандық сілтілі-қышқыл түзінділерімен, субсілтілі және сілтілі қышқыл интрузияларымен, сондай-ақ карбон кезеңінің терригендік шөгінділерімен сипатталады. Аталған жыныстардың барлығы сирек элементтердің өнеркәсіптік шоғырлануын қамтиды.
Зерттеу нәтижелері бойынша төрт перспективті аумақ анықталды: Дос 1, Дос 2, Дос 3 және Ырғыз. Бұл аумақтарда 935,4 мың тонна ресурстар бағаланып, 795,8 мың тонна қор есептелді. Алдын ала деректер бойынша, қор көлемін екі есе арттыру мүмкіндігі бар.
Құйрықтыкөл учаскесі Қазақстанның сирек металдарын өндірудегі елеулі әлеуетін көрсетеді. Бұл металдар жоғары технологиялық салаларда үлкен сұранысқа ие. Алынған нәтижелер жер қойнауын пайдалануды дамытуға инвестициялар тартуға және стратегиялық металдар бойынша Қазақстанның халықаралық нарықтағы позициясын нығайтуға ықпал етеді.