
Мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыру, заңнама талаптары мен қызметтік әдеп нормаларын сақтау мәдениетін қалыптастыру мақсатында түсіндіру семинары өткізілді.
Іс-шара барысында мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптары, Әдеп кодексінің нормалары және мемлекеттік қызметшілердің ресми мінез-құлық қағидалары жан-жақты түсіндірілді.
Семинардың бірінші бөлімінде мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен міндеттері, қызметтік тәртіп пен әдеп талаптары, әлеуметтік кепілдіктер, мемлекеттік қызметті тоқтатудың негіздері, қаржылық бақылау шаралары және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қаралды. Сонымен қатар мүдделер қақтығысының алдын алу және оны реттеу, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін жауапкершілік мәселелеріне назар аударылды.
Екінші бөлімде мемлекеттік қызметшілердің іскерлік әдеп пен ресми мінез-құлық қағидаларын сақтауы талқыланды. Атап айтқанда, ойын мекемелеріне баруға жол бермеу, діни сенімдерді өзгелерге таңбау және бағынысты қызметшілерді діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға мәжбүрлемеу талаптары түсіндірілді.
Семинар барысында мемлекеттік қызметшілердің қызметтік міндеттерін орындау кезінде заң талаптарын қатаң сақтауы, әдеп нормаларын ұстануы және кәсіби жауапкершілік танытуы мемлекеттік қызметтің сапасы мен қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтудың маңызды факторлары екені атап өтілді.
Түсіндіру іс-шаралары мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, қызметтік әдеп мәдениетін қалыптастыруға және заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.