Қазақстанда ел аумағының геологиялық-геофизикалық зерттелу деңгейін арттыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу шеңберінде 1:200 000 масштабтағы өңірлік зерттеулер жүргізілуде.
2026 жылдың соңына дейін геологиялық-геофизикалық зерттелген аумақты 2,2 млн шаршы километрге дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар негізгі бағыттардың бірі — 1:50 000 масштабтағы неғұрлым егжей-тегжейлі геологиялық түсірілімге (ГС-50) көшу. 2026 жылы алтын, мыс, полиметалдар, сирек жер элементтері, литий, вольфрам, молибден және басқа да стратегиялық пайдалы қазбалардың перспективалы учаскелерін анықтауға бағытталған 20 ГС-50 жобасын іске асыру басталды.
Жобалар аэро-геофизикалық, геохимиялық және зертханалық жұмыстарды, Жерді қашықтан зондтау деректерін дешифрлеуді, бұрғылау жұмыстарын және ұңғымалардағы геофизикалық зерттеулерді қамтитын кешенді зерттеулерді қарастырады.
Сонымен қатар аз зерттелген Солтүстік Торғай және Шу-Сарысу мұнай-газды шөгінді бассейндерінде 2Д сейсмикалық барлау жұмыстарының алты жобасын іске қосу жоспарланған.
Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатында заңнамалық тұрғыда аукцион қорытындысы бойынша түсетін қол қою бонусы түсімдерінің кемінде 50%-ын осы мақсаттарға бағыттау бекітілді.