
4-12 шілде аралығына жоспарланып, Астана қаласында өтіп жатқан олимпиадаға Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей Федерациясы және Өзбекстаннан келген 140 оқушы қатысуда.
Олимпиада қатысушылары минералогия, петрография, палеонтология, гидрология, магнитометрия, шлих сынамаларын алу, мұнай және газ геологиясы, геологиялық есептерді дайындау, далалық лагерьді ұйымдастыру және өзге де бағыттар бойынша тапсырмалар орындайды әрі геологиялық маршруттардан өтеді. Олимпиаданың барлық кезеңі геолог мамандарының нақты еңбек жағдайларына барынша жақындатылып ұйымдастырылған.
Олимпиада Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитеті мен Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми қолдауымен өткізілуде. Басты ұйымдастырушы – «Жас геолог» корпоративтік қоры. 2014 жылы құрылған ұйым қызметі Қазақстандағы жас геологтар қозғалысын дамытуға, өңірлердегі бейінді үйірмелер желісін кеңейтуге және мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуге бағытталған.
Еліміздің тау-кен өндіру және геологиялық барлау салаларында білікті мамандарға сұраныс жоғары деңгейде болып отыр. Олимпиаданы ұйымдастырудағы басты мақсат – мектеп оқушыларының геология ғылымына қызығушылығын арттыру, жастарға ерте бастан кәсіби бағдар беру, дарынды оқушыларды анықтап, оларға қолдау көрсету.
Сонымен қатар жоба өскелең ұрпақтың бойында патриоттық рухты қалыптастыруға және командалық жұмыс дағдыларын дамытуға бағытталған.