Астанада геолог студенттерге арналған «Менторлық аймақта» кездесу өтті

Астанада геолог студенттерге арналған «Менторлық аймақта» кездесу өтті

Geoscience & Exploration Central Asia 2026 форумы аясында студенттер мен магистранттар, оның ішінде Nazarbayev University-дің Тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар мектебінің өкілдері тәжірибелі менторлармен кездесті.

Кездесудің негізгі спикері — қазақстандық ғалым, геология саласының ардагері Сыздықов Асқар Хамзаұлы, «Қ.И. Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтының» ЖШС директоры. Ол геологиялық барлау және мұнай-газ салаларындағы көпжылдық тәжірибесімен бөлісіп, қазіргі жағдайда мансап қалыптастыру бойынша құнды кеңестер берді.

Сондай-ақ спикерлер қатарында Әуелхан Ерғали Сатышұлы — Satbayev University жанындағы Қ. Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ ісі институтының директоры сөз сөйледі.

Сонымен қатар, кездесуге Ерлан Мұратов — QazaqInvest LLP компаниясының өкілі, тау-кен өнеркәсібі мен өнеркәсіптік құрылыс саласының маманы қатысты.
Ол индустриялық жобаларға инвестиция тарту, инфрақұрылымды дамыту және Қазақстандағы ірі жобаларды жүзеге асырудағы жас мамандардың мүмкіндіктері туралы баяндады.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар мамандану бағытын таңдау, мансаптық мүмкіндіктер мен саланың даму перспективаларын талқылады. Мұндай формат студенттерге тәжірибелік ұсыныстар алып, болашақ кәсіби бағытын айқындауға мүмкіндік берді.