Сирек металдар: Қазақстан экономикасын әртараптандырудың драйвері

Сирек металдар: Қазақстан экономикасын әртараптандырудың драйвері

Сирек металдар саласын дамыту Қазақстан экономикасын әртараптандыруға және жоғары технологиялық өндірістерді қалыптастыруға кең мүмкіндік береді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында мәлімдеді.

«Қазіргі таңда отандық өнім экспортқа бағдарланған және оны авиациялық және теңіз техникасын, авиациялық қозғалтқыштарды, электроника мен электр көліктерін өндіретін әлемнің жетекші компаниялары тұтынады», – деді министр.

Оның айтуынша, баламалы энергетика саласында «Қазақмыс» компаниясы өндіретін техникалық селен және «Taza Metal Technologies» компаниясының жоғары тазартылған марганец сульфатының моногидраты пайдаланылуда.

Биыл Мемлекет басшысының Жапонияға сапары аясында ERG компаниясы мен Mitsubishi Corporation арасында қол қойылған офтейк-келісімшарт шеңберінде галлий өндіру желісін іске қосу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, тазартылған сурьма өндірісін іске қосу күтілуде.

Осылайша, Қазақстан тау-кен металлургия кешенінің Midstream сегментінде негізгі елдердің бірі ретінде танылуда.