Қазақстанда геологиялық материалдардың 97,5%-ы цифрландырылды: жұмыстарды толық аяқтау 2026 жылдың соңына дейін жоспарланған

Қазақстанда геологиялық материалдардың 97,5%-ы цифрландырылды: жұмыстарды толық аяқтау 2026 жылдың соңына дейін жоспарланған

️Қазақстанда Мемлекет басшысының ел аумағын зерттеу деңгейін арттыру, инвестициялық тартымдылығын күшейту және геологиялық деректерге ашық қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында геологиялық ақпаратты цифрландыру және жүйелеу үдерісін жеделдету жөніндегі тапсырмасы аясында ұлттық бағдарлама іске асырылуда.

Геологиялық ақпаратты цифрландыру (сканерлеу) жасанды интеллектті қолдану арқылы заманауи цифрлық және талдамалық құралдарды енгізуге негіз қалыптастырады, сондай-ақ мемлекет, инвесторлар және кәсіби қоғамдастық үшін геологиялық ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.

Бүгінгі күні 66 180 екінші реттік геологиялық есеп құрылымдалып, олардың алғашқы томдарына Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай порталында (ЖПБП) қолжетімділік берілген. Бұл мүдделі пайдаланушыларға геологиялық қорларға бармай-ақ, материалдардың жалпы бөлімімен онлайн және ақысыз түрде танысуға мүмкіндік береді. Екінші реттік геологиялық есептерді сканерлеу жұмыстары 2000-жылдардың басында басталған.

Жалпы алғанда, шамамен 4,7 млн бірлік цифрландырылды, бұл бастапқы геологиялық ақпараттың жалпы көлемінің 97,5%-ын құрайды.

Оның ішінде цифрлық форматқа көшірілгені:
- 2023–2024 жылдары – 2 728 620 бірлік;
- 2025 жылы – 1 969 216 бірлік.

Сонымен қатар, геологиялық қорларда сақталған басым бастапқы геологиялық ақпараттың жалпы көлемі шамамен 5 млн бірлікті құрайды. Жер қойнауы туралы деректер қағаз тасымалдағыштар, графикалық қосымшалар, магниттік таспалар және картридждер түрінде ұсынылған.

Геологиялық ақпаратты цифрландырудың (сканерлеудің) толық циклі 2026 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Нәтижесінде архивтік материалдардың 100 пайыздық қамтылуы қамтамасыз етіледі.