
Қазақстан Үкіметінің отырысында өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан геология саласында атқарылып жатқан маңызды жұмыстар туралы баяндады. Ол өз сөзінде саланы цифрландыру, зертханалық инфрақұрылымды дамыту және инвестиция тарту бағыттарындағы негізгі нәтижелер мен жоспарларды атап өтті.
Геологиялық мәліметтер толығымен цифрландырылмақ
Бүгінде Бірыңғай платформа арқылы 66 мыңнан астам геологиялық есепке онлайн қол жеткізу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар бастапқы геологиялық ақпаратты цифрландыру жұмыстары белсенді жүргізілуде.
«Қазіргі таңда оның 73 пайызы электронды форматқа ауыстырылды, жыл соңына дейін 97 пайызға жетпек. Ал толық цифрландыруды келесі жылы аяқтау көзделіп отыр», — деді Иран Шархан.
Бұл қадам геологиялық деректердің ашықтығын қамтамасыз етіп, сала мамандары мен инвесторларға қолжетімділікті жеңілдетуге бағытталған.
Астанада заманауи геологиялық зертхана салынады
Геологиялық талдаулардың сапасын арттыру мақсатында «Ұлттық геологиялық қызмет» базасында жаңа зертханалық кешен салу жоспарлануда. Жоба аясында зертханалармен қатар қор сақтау және керн қоймаларының ғимараттары да бой көтереді.
«Астана қаласынан 4 гектар жер бөлінді. Жоба құны — 14 миллиард теңге. Зертханалық кешенді 2028 жылдың желтоқсан айында іске қосу көзделген», — деді вице-министр.
Бұл кешен елдің геологиялық деректерін жинақтап, бір орталықтан сапалы зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді.
Геология саласына инвестициялар көлемі артып келеді
Иран Шарханның айтуынша, жүргізіліп жатқан реформалар саланың ашықтығын арттырып, инвестициялық тартымдылығын күшейтіп отыр. Соның нәтижесінде геологиялық барлауға бағытталған инвестициялар көлемі жыл сайын өсіп келеді.
Ірі инвестициялар тәжірибесі мол «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы арқылы тартылуда. Компания Fortescue және Esan секілді халықаралық серіктестермен 21 бірлескен кәсіпорын құрған. Жалпы 72 миллиард теңгеден астам қаржы инвестицияланып, 8 кен орны зерттеліп, мемлекеттік балансқа енгізілген.
«Қазіргі уақытта 5 пилоттық жоба — Жосабай, Құйрықтыкөл, Қаратас, Нұра-Талды, Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты учаскелерінде жұмыстар жүріп жатыр. 2028 жылға қарай бұл жобалар бойынша қорларды JORC халықаралық стандарты бойынша есепке қою жоспарлануда. Осы мақсатта мемлекет мүддесін қорғау үшін “Тау-Кен Самұрыққа” жер қойнауын пайдалану бойынша басым құқық беру қарастырылып отыр», — деді Иран Шархан.