
Қазақстан Президенті ғылым мен техника саласындағы әл-Фараби атындағы және гуманитарлық ғылымдар саласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы 2025 жылғы Мемлекеттік сыйлықтарды тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.
Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлық «Қазақстан Республикасының гидрогеологиялық карталарының атласы» атты жұмыс авторларына берілді. Жоба Геология комитетінің бастамасымен және республикалық бюджет қаражаты есебінен 2020–2022 жылдары жүзеге асырылған. Орындаушы ұйым – У.М. Ахмедсафин атындағы гидрогеология және геоэкология институты.
Атлас құрамына 28 мамандандырылған карта, 12 сызба-карта, 47 гидрогеологиялық қималар мен 33 жинақталған гидрогеологиялық бағандар енгізілген. Нәтижесінде жер асты гидросферасының бірыңғай картографиялық-аналитикалық геоақпараттық жүйесі жасалды. Атлас елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және су ресурстарын тиімді басқаруға арналған маңызды ғылыми-тәжірибелік еңбек болып табылады.
Сондай-ақ Мемлекеттік сыйлық «Түсті металлургияның кондициясыз шикізатынан маркалы селен өндірудің экологиялық қауіпсіз вакуум-термиялық технологиясын әзірлеу және өнеркәсіптік өндірісін ұйымдастыру» тақырыбындағы жұмысқа берілді. Жоба отандық өнеркәсіпте инновациялық, экологиялық тұрғыдан тиімді технологияларды енгізуге бағытталған.