Өткен аптада Алматыда гидрогеология саласы бойынша ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Өткен аптада Алматыда гидрогеология саласы бойынша ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Оған Геология комитетінің төрағасы Ерлан Акбаров қатысты. Ғалымдар мен мамандар еліміздің жерасты суларының қазіргі жағдайын және гидрогеология саласының негізгі мәселелерін талқылады.

8 қыркүйектегі Жолдауында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Су – стратегиялық ресурс, судың жоқтығы өмірдің жоқтығын білдіреді… Балаларымыз бен немерелеріміздің тағдыры бүгінгі күні суды басқаруда қаншалықты дұрыс шешім қабылдайтынымызға тікелей байланысты», – деді.

Су мәселесін тиімді шешу – әлеуметтік тұрақтылықты, экономикалық дамудың орнықтылығын және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды факторы. Осы орайда конференцияда елдің су ресурстарының стратегиялық мәніне ерекше назар аударылды.

Конференцияға Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан 50-ден астам ғалым, маман және ұйым өкілдері қатысты.

Негізгі талқыланған тақырыптар:
• аймақтық гидрогеология және жерасты суларының ресурстық әлеуеті;
• жерасты суларының геоэкологиясы мен гидрохимиясы;
• қолданбалы гидрогеологиялық зерттеулер, модельдеу әдістері, геоинформациялық жүйелер (ГИС) және гидрогеологияда қашықтықтан зондтау (ҚЗ) технологиялары.

Конференцияның мақсаты – әртүрлі типтегі жерасты суларының қалыптасу және таралу заңдылықтарын анықтау, олардың ресурстарын бағалау және болжау, гидрогеологиялық модельдеу арқылы су қорының тиімді басқарылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ заманауи ГИС және ҚЗ технологияларын пайдалана отырып мониторинг жүргізу.

Шара сонымен қатар жерасты суларының тиімді пайдалану және қорғау тәжірибесімен алмасу алаңы болды.

Тарихқа көз жүгіртсек, 1940 жылы Қаныш Сәтпаев Геологиялық ғылымдар институтында гидрогеология секторының негізін қалаған, кейін ол толыққанды бөлімге айналды. 1965 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы жүйесінде гидрогеология және гидрофизика институты құрылып, республикадағы жерасты суларының жүйелі зерттеулері басталды.

Бүгінде бұл институт Қазақстанда гидрогеология, геоэкология және жерасты суларын тиімді пайдалану саласында кешенді зерттеулер жүргізетін жалғыз арнайы ұйым болып табылады.