Қазақстан индустрияландыру мен құрылыс саласының цифрлық трансформациясын жеделдете түседі: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Президент тапсырмаларын орындауға кірісті

Қазақстан индустрияландыру мен құрылыс саласының цифрлық трансформациясын жеделдете түседі: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Президент тапсырмаларын орындауға кірісті

Бүгін Үкімет отырысында министр Ерсайын Нағаспаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жыл сайынғы Жолдауында берген тапсырмаларын орындауға бағытталған нақты қадамдарды баяндады.

Министрлік арнайы экономикалық аймақтарды (АЭА) дамытуға күш салып жатыр. Бүгінде бюджеттен бөлінген әрбір теңгеге шамамен 8 теңге жеке инвестиция тартылады, ал 1,4 теңге қазынаға салық түрінде қайтарылады. АЭА іске қосылғалы бері жалпы құны 10 трлн теңгеге жуық 532 жоба, оның 85-і  шетелдік инвесторлардың қатысуымен іске асқан.

«Әрбір арнайы экономикалық аймақ инвестиция, жұмыс орындары мен технология түрінде нақты қайтарым әкелуі тиіс. Ол үшін біз инвесторларға қойылатын талаптарды күшейтеміз және басқаруға жетекші халықаралық компанияларды тартамыз», — атап өтті Е.Нағаспаев.
 
2026 жылы Қазақстан жер қойнауының цифрлық картасын құрастыруға кіріседі. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттамаға биыл қаржы бөлінді.

Астанада халықаралық аккредиттелген геоаналитикалық зертхананың іске қосылуы маңызды қадам болмақ. Қазіргі уақытта RCI Inspection және PARAGON компанияларымен келіссөздер жүргізілуде.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында сумен жабдықтау және су бұру нысандарын сенімгерлік басқару тетіктері енгізіледі. Ол үшін үлгілік келісім әзірленіп, әкімдіктер берілетін нысандар тізімін жасайды. Қазақстан қазірдің өзінде халықаралық Suez, Veolia және Aqualia компанияларымен әріптестік орнатты.

Министрдің айтуынша, Президент тапсырмаларын орындау индустрияландыруға қуатты серпін береді, инвестиция ағынын қамтамасыз етіп, ел экономикасының сапалы өсіміне жағдай жасайды.