Қарқаралы қаласында II «Сәтбаев» геологиялық Универсиадасы басталады

Қарқаралы қаласында II «Сәтбаев» геологиялық Универсиадасы басталады

2025 жылғы 16 маусымда Қарағанды облысы, Қарқаралы қаласында, А.Сагинов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Қарқаралы оқу-геологиялық полигонында II «Сәтбаев» геологиялық Универсиадасы ресми түрде басталады. Бұл — геология саласындағы жас мамандарды даярлау бағытында маңызды оқиға болмақ.
 
Іс-шараны Satbayev University ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитетінің қолдауымен ұйымдастырып отыр. Универсиада аралас форматта өтеді: қатысушылар интеллектуалдық жарыстарға қатысып қана қоймай, далалық геологиялық барлау экспедициясында да өз білімдерін тәжірибеде сынайды.
 
Биылғы Универсиадаға еліміздің 9 жетекші жоғары оқу орнынан және Семей геологиялық барлау колледжінен «Геология» мамандығында оқитын 100-ден астам студент қатысады.
 
📌Универсиаданың басты мақсаты — талантты жастарды анықтап, қолдау көрсету, олардың ғылыми және шығармашылық әлеуетін дамыту, кәсіби өсуін ынталандыру, студенттердің халықаралық олимпиадалар мен байқаулардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру және геолог мамандығын жастар арасында насихаттау.