
Ағымдағы жылдың 16 сәуірінде ««Ақтөбе облысындағы №30 учаске шегінде хром кендері мен ілеспе компоненттерге іздестіру-бағалау жұмыстарының нәтижелері туралы есебі» бойынша «Батысқазжерқойнауы» Батыс Қазақстан өңіраралық геология департаменті Кеңесінің отырысы өтті.
Қарастырылып отырған есепті Қазақстан Республикасы, Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданында 16.05.2019 жылғы №96-EL (ҚПИ) лицензиясына иелік ететін жер қойнауын пайдаланушы «Sunrise Mining» ЖШС-нің өзі жасаған. Лицензиялық учаскенің жалпы ауданы – 308,9 шаршы шақырым.
Әкімшілік тұрғыдан №30 лицензиялық учаске Қазақстан Республикасы, Ақтөбе облысының Қарғалы ауданында, Бадамша кентінен батысқа қарай 10 шақырым жерде орналасқан. Жұмыс жүргізілген ауданның аумағы М-40-XVII парағының шегінде орналасқан.
Зерттеу учаскесі тектоникалық тұрғыдан Кемпірсай ультранегізді массивіне жатады.
Техникалық тапсырмада геофизикалық, тау-кен және бұрғылау жұмыстарын пайдалана отырып, Кемпірсай массивіндегі №30 учаске шегінде хромит кендері мен ілеспе элементтердің (Ni, Co) белгілерін анықтау, сондай-ақ олардың ресурстарын С1 және Р1 санаттары бойынша бағалаумен қатты пайдалы қазбаларды барлау жұмыстары көзделген.
Дайындық (дала жұмыстарына дейінгі) кезеңінде келесі жұмыстар атқарылды: бұрынғы зерттеушілердің геологиялық-геофизикалық материалдарын жинақтау және талдау, компьютерлік деректер базасын құру, жұмыс схемалары мен кестелерін жасау және т.б.
2020-2024 жылдар аралығында Удар, Қуағаш, Солтүстік Қуағаш және Линза учаскелерінде профильдер арасы 100 метрлік желі бойынша көлемі 410 қума шақырым болатын 1524 бақылау нүктесімен геологиялық маршруттар жүргізілді. Геологиялық маршруттар перспективалы кенді аймақтар шегінде өтті. Маршруттар барысында шлифтерге арналған үлгілер мен химиялық талдауға сынамалар алынды. Маршруттық зерттеулер нәтижесінде зерттелетін учаскелерде хромит минералдануының жер бетіне шыққан бірнеше нүктесі табылды.
Хромит минералдануы анықталған нүктелерде механикалық тәсілмен жалпы көлемі 3155,81 текше метр орлар (канавалар) қазылды.
Маршруттық зерттеулердің, қазылған орлардың және геофизикалық жұмыстардың нәтижелері бойынша барлау ұңғымаларын бұрғылау нүктелері белгіленді.
Ұңғымаларды бұрғылау жұмыстарын 2020-2022 жылдары «Ақпан» ЖШС, «Pozitif Sondaj» ЖШС, ал 2023-2024 жылдары «Ortadogu Sondaj Sanayive Ticaret» ЖШС жүргізді. Барлығы орташа тереңдігі 160 метр болатын 151 барлау ұңғымасы бұрғыланды, жалпы көлемі – 21089,7 қума метр. Ұңғымалар бойынша керн шығымы орта есеппен 95%-ды құрады. Атап айтқанда: Удар учаскесінде жалпы көлемі 16 498,7 қума метр болатын 87 ұңғыма; Қуағаш және Солтүстік Қуағаш учаскелерінде жалпы көлемі 1635,7 қума метр болатын 16 ұңғыма; Линза учаскесінде жалпы көлемі 2955,3 қума метр болатын 29 ұңғыма бұрғыланды.
Геологиялық тапсырмада қарастырылған барлық міндеттер орындалды.