«Батысқазжерқойнауы» Батыс Қазақстан өңіраралық геология департаменті Кеңесінің отырысы

«Батысқазжерқойнауы» Батыс Қазақстан өңіраралық геология департаменті Кеңесінің отырысы

Ағымдағы жылдың 02 сәуірінде «Маңғыстау облысындағы Қаражанбас кен орнында жер қыртысының құрылысын егжей-тегжейлі зерттеу және қоршаған ортаға экологиялық әсерді азайту мақсатында сейсмобарлау жұмыстарын жүргізу кезінде серпімді толқындардың жарылыссыз қоздыру көздері мен машиналық оқыту алгоритмдерін пайдалану тиімділігін зерттеу» атты ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар аясындағы уақытша және тереңдік аймақтары бойынша 3Д (МОГТ) тарихи сейсмикалық деректерін қайта өңдеу және 2Д және 3Д МОГТ жаңа сейсмикалық деректерін өңдеу, сондай-ақ сейсмикалық деректерді интерпретациялау» бойынша «Батысқазжерқойнауы» Батыс Қазақстан өңіраралық геология департаменті Кеңесінің отырысы өтті.

Қарастырылып отырған есепті «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ (КИНГ) мамандары Қаражанбас кен орнының юра-бор және палеозой шөгінділері кешендерінің геологиялық құрылысын МОГТ 3Д 2001ж. және 2005ж. сейсмикалық барлау жұмыстарының материалдары, сондай-ақ МОГТ 2Д және 3Д 2024ж. жаңа сейсмикалық деректері негізінде зерделеу мақсатында орындады.

Қаражанбас кен орнының аумағында 3Д МОГТ далалық сейсмобарлау жұмыстарын 2001 және 2005 жылдары «Азимут Энерджи Сервисез» АҚ жүргізді. 2001 жылы 3Д МОГТ сейсмобарлау жұмыстары кен орнының шығыс және батыс учаскелерінде 69,31 шаршы км көлемінде, ал 2005 жылы солтүстік және орталық учаскелерінде 41,83 шаршы км көлемінде орындалды.

2024 жылы «Азимут Энерджи Сервисез» АҚ кен орнының батыс бөлігінде жарылыссыз импульстік электромагниттік қоздыру көзін пайдалана отырып, 3Д және 2Д МОГТ далалық сейсмобарлау жұмыстарын жүргізді. Жұмыс көлемі келесідей болды: 3Д МОГТ — 18,25 шаршы км алаңда орналасқан 74 200 толқын қоздыру нүктесі (ТҚН), еселікті жинақтау алаңы 1-ден максималды 19,18 шаршы км-ге дейін / 11,26 шаршы км толық бақылау алаңы; 2Д МОГТ — жалпы ұзындығы 119,85 қума км болатын 8 профильде 21 450 толқын қоздыру нүктесі.

Жұмыс нәтижесінде 2024 жылғы 2Д/3Д МОГТ жаңа сейсмикалық деректерін өңдеу және 2001-2005 жылдардағы 3Д МОГТ тарихи сейсмикалық деректерін қайта өңдеу жұмыстары орындалды. Сейсмикалық деректерді өңдеу және қайта өңдеу заманауи технологияларды қолдана отырып, уақытша және тереңдік аймақтарында жүргізілді.

Қазақстан Республикасында алғаш рет серпімді тербелістерді импульстік қоздыру көздері технологиясы қолданылды, сондай-ақ үздіксіз қозғалатын автономды көздерді пайдалану арқылы сигналды қоздыру әдістемесі сынақтан өткізілді. Бұл сейсмикалық деректердің сапасын айтарлықтай жақсартуға, толқын бейнесінің ажырату қабілеті мен дәлдігін арттыруға мүмкіндік берді. Құрлықта «Абакан» (шаналы) және «Енисей КЭМ-4» (дөңгелекті) қондырғылары, ал суда «Енисей ВЭМ-50» қоздыру көзі пайдаланылды.

Сейсмикалық деректерді өңдеу барысында Fault Constrained Tomography (FCT), Full Waveform Inversion (FWI), уақытша миграция (PSTM) және тереңдік миграциясы (PSDM) сияқты озық әдістер қолданылды. Бұл тәсілдерді пайдалану жылдамдық модельдерінің дәлдігін арттыруға, жер қойнауы құрылымдары кескінінің сапасын және геологиялық шекараларды құрудың сенімділігін жақсартуға мүмкіндік берді.

Орындалған жұмыстардың нәтижесінде құрылымның батыс бағытта, теңіз аймағына дейін кеңейгені анықталды.

Есеп авторлары атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша алынған деректерді кен орнының геологиялық моделін одан әрі нақтылау үшін пайдалануды ұсынады. Жоғары деңгейде егжей-тегжейлі жасалған сейсмикалық кубтар қорларды есептеуді өзектендіруге, сондай-ақ барлау және пайдалану мақсатындағы бұрғылау бағдарламаларын негіздеуге негіз болуға тиіс.