
Ағымдағы жылдың 12 ақпанында 2007 жылғы 2 шілдедегі №41/2007 Келісімшартқа берілген Құзыретті органының 2025 жылғы 20 қарашадағы №1-4/2135 шешімі негізінде «2025 жылы ҚР Ақтөбе облысы Ақтөбе қаласының маңындағы «Жеңішке» кен орнының кеңейту алаңында (1-учаске) құрылыс жұмыстарына арналған құм мен құм-қиыршық тас қоспасына жүргізілген геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері туралы есепті» қарау бойынша Жер қойнауының сараптамасы жөніндегі мемлекеттік комиссияның Батыс Қазақстан кіші комиссиясының отырысы өтті.
Келісімшарттық нысандағы геологиялық барлау жұмыстарын және қарастырылып отырған есепті жер қойнауын пайдаланушы – «АПК ПГС ЛТД» ЖШС берген Техникалық тапсырмаға, Ақтөбе облысы Құзыретті органының 2025 жылғы 20 қарашадағы №1-4/2135 шешіміне, №41/2007 Келісімшартқа берілген және Келісімшартқа 2026 жылғы 13 қаңтардағы №9 толықтыруға сәйкес «ЗапказРесурс» ЖШС орындады.
Әкімшілік тұрғыдан кен орнының аумағы Ақтөбе облысы Ақтөбе қаласының қала маңындағы аймағына жатады және «Жеңішке» теміржол станциясынан солтүстік-шығысқа қарай 2,5 шақырым жерде орналасқан.
Кеңейту учаскесі (1-учаске) «Жеңішке» кен орны Тау-кен бөлінісі аумағының солтүстік-шығыс шекарасына түйіседі.
Геологиялық барлау жұмыстары 1-учаскенің Геологиялық бөлінісі шегінде 0,0896 шаршы шақырым ауданда, жер бетінен 9,0 метр тереңдікке дейін жүргізілді. 1-учаске солтүстік-шығыс жағынан «Жеңішке» кен орнына (Тау-кен бөлінісі) тікелей шектеседі.
«Жеңішке» кен орнының 1-учаскесі Елек өзенінің жайылмасы мен II жайылма үсті террасасының аллювийлі шөгінділеріне ұласады.
Жер асты сулары деңгейінің тереңдігі 2,4 метрден 6,0 метрге дейін (абсолюттік белгі +199 м) өзгереді, бұл кен орнын игеру кезінде ескерілуі тиіс.
Шикізат сапасын зерттеу ҚР МСТ 8736-2014 «Құрылыс жұмыстарына арналған құм. Техникалық шарттар», ҚР СТ 23735-2014 «Құрылыс жұмыстарына арналған құм-қиыршық тас қоспалары. Техникалық шарттар», ҚР СТ 1284-2004 «Құрылыс жұмыстарына арналған тығыз тау жыныстарынан алынған қиыршық тас және малта тас. Техникалық шарттар» және ҚР Ережелер жинағы 3.03-101-2013 «Автомобиль жолдары» талаптарына сәйкес жүргізілді.
Барлық ұңғымалар Красовский географиялық координаттар жүйесі мен Балтық биіктік жүйесінде аспаптық түрде байланыстырылған. Қорларды есептеу 1:2000 масштабындағы топографиялық негізде геологиялық блоктар әдісімен орындалды.