
Ағымдағы жылдың 03 ақпанында 2023 жылғы 13 ақпандағы №5166-УВС келісімшарты бойынша «Қазақстан Республикасы Маңғыстау облысындағы «Petro Energy Group» ЖШС келісімшарттық аумағының Тасшара учаскесі бойынша 3Д сейсмикалық деректерін қайта интерпретациялау туралы есепті» қарау жөніндегі «Батысқазжерқойнауы» Батыс Қазақстан өңіраралық геология департаменті Кеңесінің отырысы өтті.
Тасшара учаскесіндегі 3Д сейсмикалық деректерін қайта интерпретациялау туралы есепті Маңғыстау облысында орналасқан Тасшара учаскесінде көмірсутек шикізатын барлау жүргізуге №5166-УВС келісімшарты бар жер қойнауын пайдаланушы «Petro Energy Group» ЖШС өз бетінше орындады. Тасшара учаскесі Геологиялық бөлінісінің ауданы 1379,18 шаршы шақырымды, бөлініс тереңдігі – кристалдық іргетасқа дейінгі белгіні құрайды. Тасшара учаскесінің ауданынан Тасым кен орны алынып тасталған.
Әкімшілік тұрғыдан зерттеу аумағы Маңғыстау облысының Бейнеу ауданына жатады.
Тасшара учаскесі шегінде 27 іздеу-барлау ұңғымасы бұрғыланған, оның 14-і Тасым кен орнында орналасқан. 1986-1989 жылдар кезеңінде юра шөгінділеріне 11 ұңғыма (№№Т-1-6, Т-10-14), 1989 жылдан 1994 жылға дейін палеозой шөгінділеріне 4 ұңғыма (№№Б-1-3, Б-5) бұрғыланды.
Тасым кен орнында 8 мұнай және 3 газ жатыны бөлінген, оның ішінде юра шөгінділерінде – 6 мұнай және 3 газ жатыны, палеозойда – 2 мұнай жатыны бар. Жатындар шағын, қабаттық, күмбезді, тектоникалық қалқаланған болып келеді.
3Д МОГТ сейсмикалық деректерін қайта интерпретациялау нәтижесінде негізгі шағылыстырушы горизонттар (III, J2, V) бойынша құрылымдық құрулар, сондай-ақ қосымша пермь мен карбон жабыны (P1, C2) бойынша карталар, изохрон карталары және 1:50000 масштабындағы сейсмикалық қималар жасалды.
ГИС деректеріне петрофизикалық интерпретация жүргізіліп, онда блоктар мен өнімді горизонттар бойынша саздылық, кеуектілік және суға қанығу деңгейі бағаланды. Ұңғымалық деректерді интерпретациялау «Interactive Petrophysics» бағдарламасын қолдану арқылы жүзеге асырылды. Петрофизикалық қасиеттерді зерттеу жинауыштарды бөлу, тиімді қалыңдықтарды және қабаттардың қанығу сипатын анықтау мақсатында орындалды.
Орындалған жұмыстардың нәтижесі бойынша орта юра қимасында 9 есептік нысан және палеозой шөгінділерінің қимасында 2 есептік нысан бөлінді.
Есепте С1 және С2 санаттарындағы көмірсутек қорларын қайта есептеу деректері келтірілген. Сондай-ақ Тасым құрылымының пермь шөгінділері бойынша оптимистік және пессимистік сценарийлермен болжамды ресурстарды есептеу орындалды.
Есеп авторлары көмірсутектер бойынша перспективалы нысан бөлінген Тасым учаскесі шегінде (Т-15 ұңғымасы, №5167 Келісімшарт аумағы) бір ұңғыма бұрғылауды ұсынады.