Жеңіс Қадырбайұлы Беркенов 75 жасқа толды.
Жеңіс Қадырбайұлы 1950 жылы 14 сәуірде Торғай облысы Кийма ауданы Кийма ауылында (қазіргі Ақмола облысы Жақсы ауданы) дүниеге келген.
Оның еңбек жолы 1973 жылы В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын (тау-кен инженер-гидрогеолог мамандығы) бітіргеннен кейін «Казюжгипроводхоз» институтында басталды, онда 1978 жылға дейін инженер лауазымынан топ басшысына дейін жұмыс атқарды.
1978 жылдың сәуірінен 1985 жылдың желтоқсанына дейін Түрікмен КСР Геология басқармасының Шығыс геологиялық-геофизикалық экспедициясында аға гидрогеолог, кейін учаске бастығы лауазымында жұмыс атқарды.
1985 жылы желтоқсанда Солтүстік Қазақстан гидрогеологиялық дала экспедициясына аға гидрогеолог, II санатты гидрогеолог лауазымына ауыстырылды. Солтүстік Қазақстан аумағындағы жерасты сулары мониторингімен және қауіпті геологиялық процестермен байланысты жұмыстарды орындады.
1998 жылдың қаңтарынан бастап 2014 жылдың қарашасында зейнеткерлікке шыққанға дейін «Солтүстікқазжерқойнауы» Солтүстік Қазақстан өңіраралық геология және жер қойнауын пайдалану департаментінде I санатты маман лауазымынан бастап, кейін гидрогеология және қауіпті геологиялық процестер бөлімінің бастығы болып жұмыс істеді.
Жер қойнауын геологиялық зерттеу бойынша көп жылдық еңбегі үшін 2003 жылы «Жер қойнауын барлаудың үздігі» төсбелгісімен, 2007 жылы «Жер қойнауының құрметті барлаушысы» төсбелгісімен марапатталды. 2013 жылы геология саласындағы адал және жемісті еңбегі үшін ҚР Премьер-Министрі орынбасарының- ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрінің-алғыс хатымен марапатталды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін қалыптастыруға және дамытуға қосқан үлесі үшін 2008 жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының алғыс хатымен марапатталды.
«Солтүстіказжерқойнауы» Солтүстік Қазақстан өңіраралық геология департаментінің ұжымы Жеңіс Қадырбайұлын мерейтойымен құттықтай отырып, гидрогеологияның дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдіреді және шын жүректен зор денсаулық, сарқылмас қуат, барлық істерде табыс, ұзақ ғұмыр мен амандық тілейді!