Солтүстік Қазақстанның геологиялық қорлары туралы

Солтүстік Қазақстанның геологиялық қорлары туралы

«Солтүстікқазжерқойнауы» Солтүстік Қазақстан өңіраралық геология департаментінің геологиялық қорлары өңірдің жер қойнауы туралы маңызды ақпарат көзі болып табылады және минералды-шикізат әлеуетін одан әрі зерделеу, ғылыми зерттеулер жүргізу және жер қойнауын пайдалану саласында инвестициялық шешімдер қабылдау үшін сенімді негіз болады.

Қазіргі уақытта Департаменттің геологиялық қорларында Солтүстік Қазақстанның геологиялық зерттелу тарихын бейнелейтін бірегей материалдар жинағы сақтаулы. Қорда өңір аумағында 1930 жылдардан бастап жүргізілген геологиялық барлау, гидрогеологиялық, геофизикалық және инженерлік-геологиялық жұмыстардың нәтижелерін қамтитын 16 мыңнан астам геологиялық есептері бар.

Ерекше құндылыққа бастапқы геологиялық құжаттама ие: геологтар, гидрогеологтар мен геофизиктер зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында құрастырған далалық журналдар, сипаттамалар, сызбалар, нобайлар және сызулар. Бұл материалдар орындалған жұмыстар туралы мәліметтерді сақтауға мүмкіндік береді және жер қойнауын зерттеу үшін маңызды негізі болып табылады.

Сонымен қатар, Департаментте геология саласының мамандары, студенттер мен жас ғалымдар үшін практикалық маңызы бар мамандандырылған әдебиеттерді, нормативтік-техникалық құжаттарды және анықтамалық материалдарды қамтитын техникалық кітапхана жұмыс істейді.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Департамент мемлекеттік меншіктегі геологиялық ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Мүдделі жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік геологиялық қорларда сақталатын геологиялық есептердің жалпы бөлімдерімен танысуға мүмкіндік алады.

Геологиялық ақпаратқа дәстүрлі қол жеткізумен қатар, оны минералдық ресурстар ұлттық деректер банкі арқылы электрондық форматта ұсыну көзделген. Қолжетімділік мемлекеттік органдардың интернет-ресурсы базасында жұмыс істейтін Бірыңғай жер қойнауын пайдалану платформасы (БЖПП) арқылы жүзеге асырылады. Цифрлық сервистерді пайдалану ақпарат алу мерзімдерін едәуір қысқартуға, жер қойнауын пайдаланушылардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын жеңілдетуге және Қазақстан Республикасының жер қойнауы туралы деректерге неғұрлым қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Геологиялық есептің жалпы бөлімімен танысқаннан кейін мүдделі тұлға қажет болған жағдайда толық есепті немесе оның жекелеген бөлімдерін алуға өтініш бере алады. Ол үшін геологиялық ақпаратты жинау, сақтау, өңдеу және ұсыну жөніндегі ұлттық оператор — «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ геологиялық ақпаратты өтеусіз беру туралы өтінім жолдау қажет.

 

Геологиялық ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігі жер қойнауын тиімді пайдалануға, геология саласын дамытуға, ғылыми зерттеулерді кеңейтуге және елдің минералды-шикізат кешеніне инвестициялар тартуға ықпал етеді. Геологиялық қорлар жер қойнауы туралы жинақталған білімді болашақ ұрпақтағы мамандар мен зерттеушілерге сақтап жеткізудің маңызды құралы болып қала береді.

 

Геологиялық есептердің каталогымен келесі сілтеме арқылы танысуға болады:  https://minerals-u.e-qazyna.kz/ru/u/reestr/geological-reports

 

Геологиялық есептерді жүктеп алу үшін Бірыңғай жер қойнауын пайдалану платформасының порталында тіркеліп, жеке кабинетке кіру қажет: https://minerals.e-qazyna.kz/ru/start