Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңындағы 2025 жылғы маңызды өзгерістер

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңындағы  2025 жылғы маңызды өзгерістер

22 тамызда «Шығысқазжерқойнауы» ӨД қызметкерлерімен 2025 жылы енгізілген және сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту мен ашықтықты арттыруға бағытталған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңындағы жаңа шектеулер мен өзгерістерге қатысты семинар өткізілді.

Департаменттің Әдеп жөніндегі уәкілі семинар қатысушыларына мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар мен ашықтық қағидаттарын сақтауға, сондай-ақ ашық және адал қызмет ортасын қалыптастыруға белсенді қатысуға міндеттейтін заңнамадағы жаңа шектеулер мен өзгерістер туралы айтып берді.

Түйінді тармақтарға келесілер жатады: мелекеттік қызметшілердің кірістері мен шығыстарының сәйкестігін бақылауды күшейту, мемлекеттік сатып алудағы мердігерлерге қойылатын жаңа талаптар, сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін жауапкершілікті қатаңдату, сондай-ақ, ұйымдардағы кешенді бақылау жүйесін дамыту.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер мемлекеттік қызметшілердің өз өкілеттіктерін жеке мүддесі үшін пайдалануына жол бермеу үшін енгізіледі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының жүйесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингті, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдауды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманы қамтиды.

Мүдделер қақтығысы анықталған жағдайда мемлекеттік қызметшілерге лауазымдық міндеттерін жүзеге асыруға тыйым салынады.

Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және тиімділігін арттыру мақсатында Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жылғы 30 маусымда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосылу арқылы қайта ұйымдастырылды. Қайта ұйымдастыру нәтижесінде жаңа ведомство - «ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі» құрылды.

Қайта ұйымдастырылған Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру мен іске асыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы үйлестіру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды барынша азайту, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне берілді.

Семинар қорытындысы бойынша Департамент қызметкерлеріне «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы заңнамасының, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің нормалары мен қағидаттарын тұрақты негізде сақтау, сондай-ақ заңда тәртіптік, әкімшілік не қылмыстық жауаптылық көзделген теріс қылықтар мен өзге де құқық бұзушылықтар жасауға жол бермеу туралы ұсынымдар берілді.