БҚО Бөкей ордасы ауданы Мұратсай ауылдық округінің "Мұратсай" су қоймасының аумағында киіктердің ұшалары табылды

БҚО Бөкей ордасы ауданы Мұратсай ауылдық округінің "Мұратсай" су қоймасының аумағында киіктердің ұшалары табылды

«Мұратсай» су қоймасының ауданында киіктердің жаппай маусымдық жылыстауы орын алған, жануарлар солтүстік бағытта төлдеу мекеніне бет алған. Сәуірдің 12-нен 13-іне қараған түні су тосқауылынан өтіп бара жатқанда жануарлардың бір бөлігі суға батып, шыға алмай қалған.
Оқиға орнына Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Батыс өңірлік филиалының, «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының инспекторлары, облыстық ТЖ, полиция, ветеринария қызметтерінің және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері тартылып, жедел тексеру жұмыстарына кірісті.
Қазіргі уақытта өліп қалған жануарларды жинау және жою шаралары жүзеге асырылып жатыр. Киіктердің өлекселерін судан шығару жұмыстарына 30 адам, 11 бірлік техника (1 трактор, 1 экскаватор, 1 тиегіш, 8 автомашина) және 2 қайық жұмылдырылды.
Жергілікті атқарушы органдар киік өлекселерін көмуге арналған жерді анықтады, 2024 жылғы 14 сәуірдегі 18:00-дегі жай-күйі бойынша су айдынынан 1976 киік өлекселері алынды. Киіктердің эпизоотиядан өлгенін жою мақсатында ветеринариялық қызметтер өлген жануарлардың патологиялық материалдарын іріктеп алды, зерттеу нәтижелері 2-3 күн ішінде белгілі болады.

Бір жылдың ішінде киіктер бірнеше рет су объектілері арқылы өтуге мәжбүр болады, су тосқауылынан өткен кезде жануарлардың белгілі бір бөлігі өліп қалады, мұндай жағдайлар жиі кездеседі, әдетте 90% жағдайда киіктердің ұрғашылары мен төлдері қырылып қалады.
Киіктер қырылуының қайталанбауы мақсатында су айдынының жағасында (көтеріліп шығуы қиын жерде) автомашиналар мен жанды күшті пайдалана отырып, жануарларға арналған жасанды тосқауыл жасалды.
Бұқаралық ақпарат құралдарында «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК қызметкерлерінің ұшқышсыз ұшу аппаратын (дронды) пайдаланғаны, бұл киік өліміне себеп болғаны туралы расталмаған ақпарат таратылған. Осыған байланысты аталған факт шындыққа жанаспайтыны жөнінде ресми түрде мәлімдейміз. Батыс Қазақстан облысының аумағында 2024 жылы киіктерді дронмен түсіру жұмыстары жүргізілген жоқ.
«Охотзоопром» ӨБ» РМҚК балансында тұрған дрондар кәсіпорнның Алматы қаласындағы бас кеңсесінде сақталған. Жалған ақпарат таратып отырған тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауапкершілікке тартылатын болады.
Инспекция әлеуметтік желілерде таратылған дронмен түсірілген видео бойынша материалдарды БҚО полиция департаментіне берді, қазіргі уақытта видеоролик авторын іздеу және жеке басын анықтау жұмыстары жүргізілуде.