Наурызым қорығының аумағында жыртқыш құстардың 40 түрі мекендейді

Наурызым қорығының аумағында жыртқыш құстардың 40 түрі мекендейді

Наурызым қорығы-еліміздің ең көне ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының бірі. Ол 1931 жылы құрылды.

Қарағайлы ормандар, тұщы және тұзды көлдер, далалы аумақ тағы бар. Бұл қорық Солтүстік Қазақстанның ең көрікті жерлерінің бірі. Табиғатымен қоса, аумақты мекен еткен тіршілік иелері де ерекше.

Қорықтың қай бұрышынан болса да, келушілердің назарын бірден аударатын алғашқы нысандардың бірі - құстар. Мұнда қанаттылардың 318 түрі бар. Ең үлкен топтар суда жүзетіндер мен торғайтәрізділер. Алайда, көбінесе жыртқыш құстар үлкен қызығушылық тудырады, олардың 40 түрі мекен етеді, 29 күндізгі жыртқыш құстар мен 11 үкі түрлері бар. Ең көп тараған және жиі кездесетіндер тізімі төменде көрсетілген.

Қарақұс – қорықтағы бүркіт тұқымдасына жататындардың арасындағы ең көбі. Аумақта 30-дан астам жұп ұя салса, мұнда келіп-кететін құстардың саны 150-ден асады.

Аққұйрықты бүркіт - Еуразиядағы ең ірі жыртқыш құстардың бестігіне кіреді. Олардың салмағы 7 келіге жетуі мүмкін, бүркіттер диаметрі 2 м-ге және қалыңдығы 2,5 м-ге дейін жететін үлкен ұялар салады.

Дала бүркіті-ашық кеңістіктің тұрғыны. Наурызым-бұл құстардың ұя салатын аймағының солтүстік бөлігі, сондықтан саны көп емес.

Дала құладыны – жазық жерлерде мекендейді. Бұл кішкентай құстың негізгі азығы ұсақ кеміргіштер. Аталықтары cұр, ала аналықтары қоңыр түсті болып келеді.

Шалғын құладыны – құладындар тұқымдасының кең тараған түрі. Ұя салатын аумақтың шектеулі болған жағдайында олар ұяларын бір бірінен 15 метр қашықтықта сала береді.

Қырғи – жасырын құс. Олжасын жылдам әрі үнсіз ұшып жетіп, тосыннан ұстайды. Бұл құс түрі қорықта жыл бой кездеседі, көбінесе қоныс аударуы кездерінде көзге түседі.

Кәдімгі күйкентай – орманда ғана емес, сондай-ақ орман белдеулерінде де қоныстанатын кең тараған сұңқар тұқымдас. Олар өздері ұя салмай, қарғатектестердің ескі ұяларын мекен етеді.

Бөктергі - кішкентай болғанына қарамастан, бұл құстар Наурызымнан Африканың оңтүстігіне – Намибия мен Ботсваннаға Кавказды батыстан Қара теңіздің үстінен айналып өтіп, қоныс аударады.