Абай облысындағы орман өртінің аумағы 3500 га

Абай облысындағы орман өртінің аумағы 3500 га

Өртті сөндіру жұмыстары түнгі уақытта да жүргізілді. 25 мамыр сағат 9:00-ге дейін әуеден 4 тікұшақпен 169 рет 422,5 тонна су төгілді.

Ауыл орманшылығының 156 кварталы мен Дмитриев орманшылығының 28 кварталының аумақтарында 2 өрт ошағы тіркелген. Жалын шамамен 3500 га аумақты шарпыды, алайда елдімекендерге қауіп жоқ.

Тілсіз жауды ауыздықтауға 798 адам, 183 бірлік техника, 6 тікұшақ, 1 өрт сөндіру пойызы жұмылдырылды.

Өртті сөндіруді тығыз өскен дақылдар мен сортаң жерлер қиындатуда.

Абай облысы Бородулиха ауданының аумағында табиғи сипаттағы жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылданды.

"Қазгидромет" деректері бойынша 25-26 мамырда Абай облысының Бородулиха ауданында екпіні 15-20 м/с дейін болатын солтүстік-шығыс жел болуы ықтимал.