Бұл аймақ ерекше қорғауға 1996 жылы алынған болатын. Негізгі мақсаты – бірегей ландшафттарды, өсімдіктер мен жануарлар әлемін сақтау, демалыс пен туризм үшін жағдайларды жақсарту, рекреациялық пайдалану жағдайында табиғи кешендерді сақтаудың ғылыми әдістерін әзірлеу және енгізу болып табылады.
Парк аумағының жалпы ауданы 200 мың гектарды құрайды, Іле Алатауы тау жотасы флора мен фаунаға бай табиғи аймақ. Ол Қаскелең өзенінің аңғарынан Түрген өзенінің аңғарына дейін 120 шақырымға созылған. Мұнда бірегей табиғат ескерткіштері, соның ішінде тау көлдері, сарқырамалар, басқа да табиғи, тарихи, мәдени ескерткіштері бар. Парк аумағы – өсімдіктер мен жануарлар әлемінің алуан түрлілігімен де ерекшеленеді.
Ұлттық парк Алматы қаласына жақын орналасқандықтан, ол қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орны болып табылады. Іле Алатау таулары табиғи әдемілігімен – тау бұлақтары мен өзендері, шатқалдары, алуан түрлі гүлдері, қылқан жапырақты ормандарымен, альпілік өсімдіктерімен көз тартады.