Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтары туралы

Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтары туралы

Ерекше қорғалатын табиғи аумақ еліміздің жер бетінің 10%-дан астамын алып жатыр. Олардың жалпы ауданы – 29,3 млн га құрайды.

Бұл ретте, заңды тұлға мәртебесі бар ЕҚТА 8,0 млн га немесе Республика аумағының  2,9% - ын алып жатыр.

Елімізде Республикалық маңызы бар:

10 мемлекеттік табиғи қорық;

14 мемлекеттік ұлттық табиғи парк;

7 мемлекеттік табиғи резерват бар.

Айта кету керек, ел тәуелсіздігін алғаннан бері ЕҚТА территориясын кеңейту, сонымен қатар жаңа ЕҚТА-лар құрылуына орай, аталған аумақ 28 мың га-ға ұлғайған. Соңғы 5 жылда 5 табиғат қорғау мекемесі құрылды.

2018 жылы  Шығыс Қазақстан облысында жалпы ауданы 143,5 мың га "Тарбағатай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі және Алматы облысында жалпы ауданы 415, 2 мың га "Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерваты құрылды.

2020 жылы Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының аумағы кеңейтілді (Халықаралық сулы-батпақты жерлер тізіміне енгізілген Сырдария өзенінің атырауы есебінен).

2021 жылы Қарағанды облысында ауданы 58 912 га болатын "Ұлытау" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылды, бұл Орталық Қазақстанның дала экожүйелерін қорғауға мүмкіндік берді.

Ақбөкендердің Орал популяциясын сақтау және қорғау мақсатында 2022 жылы жалпы ауданы 343 040 га "Бөкейорда" мемлекеттік табиғи резерваты және Батыс Қазақстан облысында жалпы ауданы 314 504 га Ащыөзек мемлекеттік табиғи қаумалы құрылды.

Келессі жылы Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау мақсатында Батыс Қазақстан облысында "Жайық орманы" мемлекеттік табиғи резерватын құру жоспарлануда.

Екі табиғи объект ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді:

1) " Сарыарқа-Солтүстік Қазақстан даласы мен көлдері "(2008 ж., Наурызым және Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорықтары);

2) Өзбекстан және Қырғызстанмен бірлескен "Батыс Тянь-Шань " (2016 ж., Ақсу-Жабағылы, Қаратау мемлекеттік табиғи қорықтары және Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркі).

Республикалық маңызы бар Қазақстандық ЕҚТА ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік биосфералық резерваттар желісіне белсенді түрде ұсынылуда. Қазіргі уақытта еліміздің 12 ерекше қорғалатын табиғи аумағы ЮНЕСКО биосфералық резерватының халықаралық мәртебесіне ие.