Дүниежүзілік сулы-батпақты алқаптар күні

Дүниежүзілік сулы-батпақты алқаптар күні

1971 жылы 2 ақпан күні Рамсар қаласында (Иран) суда жүзетін құстардың тіршілік ету орны ретінде халықаралық мәні бар сулы-батпақты алқаптар туралы конвенцияға қол қойылды. Бұл құжат бүгінде әлемде кеңінен танымал Рамсар Конвенциясы.

Бүгінгі таңда Қазақстанда халықаралық маңызы бар сулы-батпақты жерлер тізіміне енгізілген 10 нысан бар. Олардың жалпы ауданы 3 281 398 га құрайды.

Оның ішіндегі жетеуі ерекше қорғалатын табиғи аумақ территориясына кіреді.

Ең үлкені - аумағы шамамен 1 млн.га болатын "Иле өзенінің атырауы және Балқаш көлінің  оңтүстік жағалауы». Аумақты сақтау үшін 2018 жылы маусым айында  Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты құрылды.

Қорғалжын қорығының аумағында Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесі орналасқан, оның құрамына ащы сулы Теңіз көлі мен тұщы сулы Қорғалжын кіреді. Бұл көлдер ихтиофауна мен планктонға бай, бұл суда жүзетін құстардың көптеген түрлері үшін қолайлы қорек болып табылады. Айта кету керек, көші-қон және ұя салу кезеңінде Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесі 15 млн.астам құсты қоректендіре алады.

Алакөл-Сасықкөл көлдер жүйесі Қазақстандағы жүз мыңдаған отарлық және суда жүзетін құстардың ұя салатын, жаппай түлейтін және ұшып өтетін ең ірі аймағы. Құстардың Орталық Азия - Үнді ұшып өту жолындағы халықаралық аймақ болып табылады. Алакөл-Сасықкөл көлдер жүйесінде 529 ірілі-ұсақты көлдер бар, оның ішінде 513 көлдің су бетінің ауданы 1 шм2 асады.

Ырғыз-Торғай резерват территориясында 30 көл, ал Торғай мемлекеттік табиғи қаумал аумағында 38 көл бар. Ырғыз-Торғай көлдер жүйесі арқылы  көктемде құстар шығыс Сібірге, Батыс Европаға, ал  күзде оңтүстік өлкелерге, Индия мен Пәкістанға ұшып өтеді, уақытша аялдайды. ЕҚТА-да құстардың  250 түрі кездеседі.

Барсакелмес қорығының аумағына қосылған «Дельта» учаскесінің аумағы – 2300 га, ол – 2012 жылы халықаралық статус алып, Рамсар конвенциясының тізіміне енген Кіші Арал теңізі мен Сырдария өзенінің сағасындағы 330 га құрайтын сулы-батпақты өңірлерге жатады. Зерттеушілердің мәліметтеріне сәйкес бұл аумақ 200 мыңға жуық жыл құстары мен осы жерлерде ұялайтын құстар және балықтың сирек кездесетін түрлері үшін өте маңызды.

Науырзым көлдер жүйесінің жалпы ауданы 38 мың га құрайды, мұнда 12 ірі және орта су айдындары бар. Бұл құстардың көктемгі ұя салатын және қыстайтын жерлерге көші қон бағытының Еуразиядағы ең ірі орталығы. Аумақта  бұйра және қызғылт бірқазандар, аққу, ақ көзді сүңгуір, қара басты өгіз шағаласы және басқалары кездеседі.

«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты сулы-батпақты алқаптардың, суда жүзетін жыл құстарының популяциясын сақтауда маңызы өте зор. Еуразия қоңыржай ендігінің кең жазығынан қыстау үшін Қазақстан арқылы Оңтүстік Азия мен Африкаға ұшатын жыл құстары осы өңірде біраз тынығады, түлейді, май жинайды. Бұл жерде жылына екі рет көші-қон кезінде 280-нен астам құс түрі мекендейді, олардың ішінде көптеген сирек кездесетін түрлері де бар. Қалың қамыс қопалары ұя салушы құстардың мекендеу орны болып табылады.

Айта кету керек, қазіргі уақытта Рамсар конвенциясына 171 ел және бүкіл әлем бойынша 2375-тен астам сулы-батпақты жерлер қосылған, олардың ауданы 254 млн. гектардан асады.