Ағымдағы жылдың 7-ші шілде күні ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі елордада «Қазақстанда киік санын реттеу керек пе?» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді, оған ҚР Зоология институтының қызметкерлері, қазақстандық фермерлер, күш құрылымдары мен облыс әкімдіктерінің өкілдері, ветеринария және биотехнология ғылыми-зерттеу орталығының өкілдері және Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының, тәжірибелі экологтар қауымдастығының экологтары қатысты.
Ақбөкеннің қазіргі таралу аумағы Қазақстан, Өзбекстан, Ресей және Моңғолия территорияларын қамтиды. Киіктердің әлемдік популяциясының басым бөлігі Қазақстан аумағында шоғырланған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, киік «Аң аулау және балық аулау объектілері болып саналатын жануарлардың құнды түрлері тізіміне» енгізілген. 2022 жылғы көктемде Қазақстанда киіктің үш популяциясының жалпы саны 1 млн 318 мың басты құрады, оның ішінде:
- Орал – 801 мың бас.;
- Бетпақдала – 489 мың бас;
- Үстірт – 28 мың бас киік.
Киік санының өсу қарқыны айтарлықтай жоғары, орта есеппен жылына 40%-ға жуықтайды.
1999 жылдан бастап Қазақстанда ғылыми мақсатта пайдаланудан басқа, киік аулау кәсібіне және аулаудың барлық басқа түрлеріне тыйым салынды, бұл тыйым 6 рет ұзартылды.
Киік екі конвенцияға енгізілді:
⮚ «Құрып кету қаупі төнген жабайы флора мен фауна түрлерімен халықаралық сауда жөніндегі Конвенцияның (СИТЕС)» 2-қосымшасына;
⮚ «Жабайы жануарлардың қоныс аударатын түрлерін сақтау жөніндегі Конвенцияның (Бонн конвенциясы)» 2-қосымшасына.
Қазіргі уақытта, ҚР Зоология институтының териология зертханасының меңгерушісі Алексей Грачевтің айтуынша, «Киіктер санының қолда бар азық ресурстарына сай келмеуінен, олардың ауыл шаруашылығы өндірушілерімен ашық қақтығысқа түсіп, ауыл экономикасына айтарлықтай зиян келтіруі себебінен киік санын реттеу қажеттігі пісіп-жетілді». Сондай-ақ, зоологтардың пікірінше, ақбөкендердің жоғары тығыздығынан эпизоотияның туындау қаупі бар. Мәселен, 2015 жылы пастереллезден Бетпақдала популяциясының 150 мың киігі жаппай қырылған еді.
Дөңгелек үстелге қатысқан сарапшы Алексей Грачев қазіргі уақытта назарға алынуы қажет факторларды, оның ішінде Үстірт популяциясының саны әлі де өте төмен деңгейде екенін атап өтті. Одан бөлек, республикада киік аулауды реттейтін нормативтік-құқықтық актілер жоқ және киік дериваттарының (мүйіз) айналымын бақылау тетігі жоқ. Сонымен бірге ғалым антропогендік әсерді ескере отырып, киіктер санының оңтайлы деңгейі әлі орнатылмағанын айтты.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, ҚР Зоология институты териология зертханасының меңгерушісі мынадай бионегіздемені мәлім етті - Қазақстанда киік аулауға салынған қолданыстағы тыйымды 2025 жылға дейін ұзарту және биыл эксперименттік тәртіпте уәкілетті органның мамандандырылған ұйымы – «Охотзоопром» ЖШС арқылы киік санын реттеуді жүргізу. ҚР Зоология институтының деректері бойынша, 2022 жылы киіктерді жоюдың ұсынылатын көлемі Орал популяциясының 10.0%-ын, оның ішінде ересек мүйізді аталықтың – 5%-ын, ересек аналықтың – 47.5%-ын және екі жыныстағы жас киіктердің 47.5%-ын ату. Қостанай және Ақмола облыстары аумағындағы Бетпақдала популяциясы үшін 2022 жылға арналған жою көлемі 2,5%-дан аспайтын көлемде ұсынылады, оның ішінде ересек аталық – 5,0%, ересек аналық – 47,5%, екі жыныстан да жас киіктер үлесі – 47,5%.
Ғалымдар браконьерліктің көбеюіне жол бермеу үшін киіктер санын реттеуді уәкілетті органның мамандандырылған мемлекеттік ұйымы – «Охотзоопром» жүргізуі керегін баса айтты.
ҚР Зоология институтының киік санын реттеу бойынша ұсынымдары:
Киік санын реттеу шараларына зоологтар мен ветеринария мамандары міндетті түрде қатысуы керек;
Киік ұшаларын санитариялық-ветеринариялық бақылаудан өткен соң одан әрі кәдеге жарату үшін ет комбинаттарына қайта өңдеуге тапсыру қажет;
Киік санын реттеуде алынған, сондай-ақ табиғи өлім-жітім нәтижесінде жиналған, браконьерлерден және кедендерден тәркіленген мүйіздерді міндетті түрде түгендеу және таңбалау арқылы уәкілетті органның мамандандырылған ұйымына (жануарлар дүниесін қорғауды, өсімін молайтуды және орнықты пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі республикалық мемлекеттік кәсіпорын) беру қажет.
ҚР Зоология институтының биоценология және аңтану зертханасының меңгерушісі Констатин Плахов өз сөзінде: «ұсынылып отырған ату – киік санын реттеу бойынша уақытша шара ғана екенін түсіну керек. Оны 40, тіпті 75%-бен шектеу, жалпы санның 10%-ына дейін жою – ымыра жолдарын іздестіру және аялдау тәрізді. Оны да пысықтау қажет, біріншіден, жоғалған аңшылық кәсібінің орнына санды реттеудің технологиясы мен әдістемесін жасауға, екіншіден, ғылыми зерттеулер жүргізуге және балама шешімдер іздеу (мысалы – мал басының бір бөлігін басқа аудандарға көшіру, киікті қолға үйрету және оны сол фермерлердің ұстауы) қажет. Бізге жылына бір рет өткізілетін санақтар ғана емес, киіктердің аумақтық бөліну ерекшеліктерін, олардың экологиясын, демографиясы мен жүріс-тұрысын – популяцияларды тиімді басқарудың негізгі құрамдас бөліктерін анықтау қажет. Одан бөлек, Қазақстан Республикасында жабайы жануарлардың (тұяқты және жыртқыш) және олардың тіршілік ету ортасының экологиялық-ветеринариялық мониторингі жүйесін ұйымдастыру қажет. Бұл үшін оны қамтамасыз ету бойынша тұрақты жұмыс істейтін мемлекеттік бағдарлама жұмыс істеуі тиіс».
Дөңгелек үстелге қатысуға келген фермерлердің барлығы өз шығындары туралы айтып берді. Мәселен, Ақмола облысынан келген «АgroMarTrade» ЖШС басшысы Магомед Дзейтов өткен жылы 8,2 мың гектарды шығын ретінде есептен шығарғанын айтты. Оның айтуынша, биыл шығын өте көп болады, өйткені киіктер бірнеше есеге көбейген. Ол әр таң сайын егістікке шығып, шаруа қожалығы мақсары өсіретін алқаптардан ондаған мың киікті көреді. Фермер биыл 2 мың гектар жерді өңдеген, онда ештеңе өспейді.
ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Нұрлан Қылышбаевтың айтуынша, «киік санын қалпына келтіру – Қазақстанның жетістігі. Киіктердің әлем популяциясының 95 пайызы біздің елімізде шоғырланған. Киік – біздің ұлттық брендіміз. Осы құнды ресурсты салауатты басқару – қазіргі уақытта біздің алдымызда тұрған міндет. Барлық пікірлерді ескере отырып, міндетті ғылыми сүйемелдеумен жүйелі түрде шешу қажет. Осы мәселені шешу үшін Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ҚР БҒМ Зоология институтымен биологиялық негіздемелер пайдалануға шарт жасады».
Дөңгелек үстел қатысушылары барлық мүдделі тараптардың пікірлерін ескеріп, шешім қабылдау керек деген тұжырым жасады. Ату арқылы ақбөкендер санын реттеуді қолдағандардың да, қарсы болғандардың да өз дәлелдер бар. Дөңгелек үстелді қорытындылай келе, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Нұрлан Қылышбаев комитет киік популяциясын басқару мәселесі бойынша жұмыс тобы аясында айтылған барлық ұсынысты қарастыратынын жеткізді.