Арал теңізінің экологиялық проблемаларын шешу бойынша жұмыстар жалғасуда

Арал теңізінің экологиялық проблемаларын  шешу бойынша жұмыстар жалғасуда

Ағымдағы жылдың 5-ші шілдесінде экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ә.Шалабекованың төрағалығымен кеңес өтті.  Жиында Арал теңізінің құрғаған табанына сексеуіл отырғызу бойынша атқарылған жұмыстармен қатар, жоспарлар да тыңдалды.

Кеңеске Дүниежүзілік банктен, Халықаралық Аралды сақтау қорынан, Азия орман шаруашылығы ұйымынан (AFoCO), БҰҰДБ, биоалуантүрлілікті сақтау қорынан, Германия халықаралық ынтымақтастық қоғамынан (GIZ), АҚШ Халықаралық даму агенттігінен (USAID) және т. б. фитомелиорация жұмыстарын жүзеге асыратын халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 19 сәуірінде Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында Арал теңізінің құрғаған түбінде, 2025 жылға дейін сексеуіл екпелерін отырғызу арқылы жалпы ауданы 1,1 млн гектар жерге фитомелиорациялық жұмыстар жүргізу міндетін қойған болатын.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Қызылорда облысының әкімдігімен бірлесіп, 2025 жылға дейін Арал теңізінің құрғаған түбіндегі сексеуіл екпелерінің ауданын 1-1,5 млн.гектарға дейін ұлғайтуға бағытталған шаралар жүзеге асырылды.

100 мың га алқапқа сексеуіл екпелерін отырғызу бойынша 2021 жылға арналған жоспар толық көлемде орындалды.

2022 жылы 250 мың га алаңда фитомелиорациялық жұмыстар жүргізілетін болады, бүгінгі күні 12 мың га (3,6 млн.дана) жерге сексеуіл көшеттерін отырғызу бойынша жұмыстар жүргізілді.

Жалпы, ел Тәуелсіздігінің басынан бері Арал теңізінің құрғаған табанында фитомелиорациялық жұмыстар 195 мың га алқапта жүргізілді, табиғи екпелерді қоса алғанда, ормандардың жалпы ауданы 337 мың га құрайды.

Осылайша, 2025 жылға қарай Арал теңізінің құрғаған түбіндегі орман алқабы 1,4 млн. гектарға дейін ұлғаяды.

"Қазіргі уақытта біздің міндетіміз – Арал дағдарысының қоршаған ортаға және Арал өңірінде тұратын миллиондаған адамдардың тыныс-тіршілігінетигізетін зиянын барынша азайту. Сондықтан, табысты ынтымақтастық тәжірибесін ескере отырып, жаңа халықаралық жобалар шеңберінде бірлескен жұмысты жалғастыруды, сондай - ақ техникалық және қаржылық қолдау көрсетуді ұсынамыз",-деп атап өтті вице-министр.