
Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан облысы) Төлеби, Түлкібас және Қазығұрт аудандарындағы Батыс Тянь-Шанның Қазақстан бөлігіндегі таулы аймақтар сондағы Төлеби, Түлкібас және Өгем орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелеріне қарайтын. Бұл мекемелер облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы құрамындағы коммуналдық меншіктегі мекемелер болған. Олар негізінен шаруашылық ісімен айналысқандықтан қызметінде флора мен фаунаны күзетуге, қорғауға жете көңіл бөлмейтін. Сол себепті ол жерлерде заңсыз ағаш кесу, аң аулау фактілері көбейіп, орман өрттеріне де жиі жол берілді. Жайылымдықтарды пайдалануда жүйелілік сақталмады. Нормадан бірнеше есе артық мал жаю орын алды. Бұл ондағы ормандардың дегредацияға ұшырауына, аң-құстардың күрт азаюына, басқа жаққа ауып кетуіне алып келді. Қызыл кітапқа енген өсімдіктер, аңдар мен құстар, эндемиктер тіпті азайып жойылудың алдында тұрған. Әсіресе, осы аумақтағы Бадам, Өгем, Қасқасу, Сайрамсу және Сарыайғыр өзендерінің бассейніндегі тау жоталарында ғана мекендейтін эндемик – Халықаралық табиғат қорғау ұйымы мен Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген Мензбир суырының ерекше популяциясын сақтау қауіпті жағдайда еді.
Сонымен қатар Батыс Тянь-Шанның Қазақстан шегіндегі таулы аймақтардағы арша және жабайы жемісті ағаштар ормандарының да көлемі азайып кеткен болатын.
Қазақстан Республикасында Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесін дамыту бағдарламасы негізінде 2001-2005 жылдары Бүкіл әлемдік банктің қаржыландыруымен глобальдық-экологиялық қордың Батыс Тянь-Шанның биологиялық алуантүрлілігін сақтау бойынша Орталықазиялық трансшекаралық жобасын (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан) іске асыру барысында ұйымдастырылған бірнеше ботаникалық, зоологиялық экспедициялар нәтижесінде осы аймақтағы биоалуантүрліліктің қазіргі жағдайы, ахуалы зерттеліп бірқатар таулы жерлерді ерекше қорғауға алу қажеттілігі анықталды.
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің 2005 жылғы 8 маусымдағы «Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркін құру үшін жерлерді резервке қалдыру туралы» №365 қаулысына сәйкес және ОҚО әкімімен, жер ресурстарын басқару аумақтық басқармасының бастықтарымен келісілген Сайрам-Өгем МҰТП-ға жер бөлу жөніндегі орналастыру жобасы бойынша ұлттық паркті Түлкібас, Төлеби және Қазығұрт аудандарындағы орман қоры және босалқы жерлердің есебінен жалпы көлемі – 149053 га құру қаралған болатын.
Зерттеу нәтижелері бойынша және республикалық «Жасыл ел» бағдарламасы негізінде орман шаруашылығы саласы уәкілетті органының республика басшылығына Оңтүстік Қазақстан облысының Батыс Тянь-Шань жүйесіне кіретін бөлігін ерекше қорғауға алу, ол аймақта ұлттық табиғи парк құру жөнінде ұсынысын қарап, басқа да тиісті мемлекеттік органдардың келісімімен ҚР Үкіметі 2006 жылғы 26 қаңтардағы «Оңтүстік Қазақстан облысы жекелеген мемлекеттік мекемелерінің кейбір мәселелері туралы» №52 қаулысымен Өгем, Төлеби және Түлкібас орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелірінің қосылу жолымен 149053 гектар аумақта Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық паркін құрды.
«Ұлттық парктің айналасында ені 2 шақырымдық қорғау аумағы туралы» ОҚО әкімдігінің 2006 жылғы 26 сәуірдегі №171 қаулысы қабылданды.
Күзет аймағындағы жерлер жер пайдаланушылардан алынбаған, ол жерлер негізінен аудандардың босалқы жер қоры мен шаруа қожалықтарының жайылымдық жерлері. Күзет аймағында табиғи жағдайды бұзатын немесе оған әсер ететін кез келген іс-әрекеттерге тыйым салынған.
ҚР «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңының 44-бабына сәйкес ұлттық табиғи парк – ерекше экологиялық, ғылыми, мәдени-тарихи және рекреациялық құндылығы бар мемлекеттік табиғи қорындағы табиғат қорғау, экологиялық ағарту, ғылыми, туристік және рекреациялық мақсаттағы табиғи кешендер мен объектілерде биологиялық және ландшафтық әр түрлілікті сақтау мәртебесі берілген табиғат қорғау және ғылыми мекеме болып табылады.
2014 жылы парк аумағының 15,9 га бөлігі басқа санатқа ауыстырылып, ұлттық шекара қызметіне берілді. Қазір ұлттық табиғи парктің жер көлемі 149 037,1 га.
Парктің құрамында үш филиал бар: Қазығұрт ауданы аумағында Өгем филиалы – 76573 га, Төлеби аумағында Төлеби филиалы – 45493,1 га, Түлкібас ауданы аумағында Түлкібас филиалы - 26971 га.
Парк жерлері жалпы және әрбір филиал бойынша қорғау, күзету және шектеулі мақсатта пайдалану, қалпына келтіру және т.б. режимдерге сәйкес 4 функционалдық аймаққа бөлінген:
- Қорықтық аймақ – 55702 га (37,4%);
- Экологиялық тұрақтандыру аймағы – 13125 га (8,8%);
- Туристік және рекреациялық аймақ – 17519 га (11,7%);
- Шектеулі шаруашылық аймағы – 62691 га (42,1%).
-
Сайрам-Өгем МҰТП-нің физикалық-географиялық ерекшеліктері
Геологиялық кұрылымы. Батыс Тянь-Шань тауларында таскөмір (ортатаскөмір) тау жыныстары кеңінен таралған, сонымен қатар девон дәуіріндегілер. Олардың көпшілігі әк, мергель,туф, сланецтер және құмдар түрінде кездеседі.
Өгем жотасында негізінен таскөмір, гранит, граносиенит және олардың айырмалары. Олар өзіне тән топырақ және өсімдік жамылғысы бар биіктаулы плато құрайды. Өгем жотасының оңтүстік-батыс бөлігінде перм жасындағы тау жыныстары (алевролит, құмдақ, конгломерат және әк) кездеседі. Өзен аңғарындағы биік жағалаулардан палеогендік, неогендік, жиі бөлінбеген, өзінің ашық түстерімен көрінетін қалдықтарын жиі байқауға болады. Олар ала шұбар –қызыл, ақ, қызыл саз балшықтар, көбіне құмдар мен құмшықтар қабаттарынан тұрады. Олар топырақ және өсімдіктер жамылғысын қалыптастыруға көп әсер етеді және олардың әртүрлілігін едәуір өзгертеді.
Парк аумағындағы Өгем, Қаржантау жоталары тау жүйелерінің үш жерінде шығыстан батысқа қарай созылған жарықшақтар (разлом) бар, ал Боралдайтау жүйесінде – жота бойымен солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай созылған жарықшақ (разлом) бар.
Рельеф. Парктің аумағы Батыс Тянь-Шань жүйесінің солтүстік-шығыс жағдайында жайласқан, Батыс Тянь-Шань жүйесіне кіретін Талас Алатауының оңтүстік-батысында жайласқан - Өгем, Қаржантау, Қазығұрт, Боралдайтау тау алқаптары.
Қаржантау жотасы өте тар тау аңғарларының арасымен ағып өтетін Өгем өзенін жазықтықтан бөліп тұрады. Өгем өзені өз ағымының төменгі жағында өте тар және терең құздардан өтіп Шыршық өзеніне келіп құяды. Шатқалдың оңтүстік-шығыс тарапы қысқа және өте тік жар болып келеді, ал солтүстік-батыс жағы жайпақтау болып бірнеше өзендермен бөлшектеніп жатады. Қаржантау тауының солтүстік-батысында Қазығұрт тауы орналасқан және ол Бадам мен Келес өзенінің арасын бөліп тұрады.
Қаржантау жотасының оңтүстік-шығыс жағында Өгем өзенінің арғы жағында Өгем жотасы жайласқан. Оның солтүстік-шығыс тарапы жоғары тау жерімен сипатталып көптеген су бөліп тұратын биік шоқылармен ерекшеліп тұрады. Оңтүстік-шығыс жағы тік жар құздарымен Піскем өзенінің жазықтығына келіп тіреледі және биік, сондай -ақ орта деңгейдегі тау шоқылары көптеген терең үңгірлермен бөлшектеніп кеткен. Ал, батыс және солтүстік аймағы тауалды жазықтықпен орналасқан және қазіргі уақытта жедел түрде пайдаланылып жатыр.
Өгем жотасы Майдантал аумағындағы асудан (перевал) бастау алып, Талас Алатауынан бөлініп шығып, Арыс және Піскем өзендерінің арасында суды бөліп тұратын тау шоқысы болып, солтүстік-шығыс бөлігінде Піскем және оңтүстік-батыс бөлігінде Өгем өзендерін бөліп тұрады. Өгем тауының ең биік шоқысы Сайрам деп аталып, оның биіктігі 4238 м құрайды.
Қаржантау жотасы Сайрам тауындағы Бадам өзенінің солтүстік-шығысында жайласып, Өгем және Келес өзендерін ажыратып тұрады. Шоқының биіктігі теңіз деңгейінен 2000-2500м құрайды, ал Мыңбұлақ жазықтығында 2824 м құрайды. Қаржантау тауының батыс жағындағы жар жағалау доғасы шығыстағысынан 2-3 есе ұзындау болып жұмсақ формада болады.
Оңтүстік – Шығыс бетінде тауды тік жар доғасы Өгем өзенінің жазықтығына қарай төмендей бастайды және майда бөліктерге бөлініп қиып өтетін шатқалдарға (ущелья) айналады және бұл жерде орта қабаттағы әктер (известняк) жақсы дамыған. Таудың созылмалы бағытына көлденең өткен шатқалдар мен сайлар тік және асылған формада болып, тік қанатты екінші реттегі шоқтықтармен бөлініп тұрады.
Қаратау жотасы Талас Алатауының солтүстік тарапынан Шақпақ асуымен бөлініп батыс, солтүстік-батыс бағытта бөлініп шығып 420 км-ге созылған қашықтықты иеленіп, Тұран сайына түйіседі. Негізінен Қаратау жотасы үш бөлікке бөлінеді.
Оңтүстік-шығыс Қаратау – Шақпақ асуынан Боралдай өзенінің жазықтығына дейін.
Орталық Қаратау-Боралдай өзенінің жазықтығынан Майдантал өзенінің бастауына дейін.
Солтүстік-батыс Қаратау-Майдантал өзенінің солтүстік-батысына қарай. Қаратау шатқалының оңтүстік-шығыс бөлігі Боралдайтау өзенінің өте тар қанатымен, өте биік шоқыларымен ерекшеленіп тұрады. Ең биік шоқысы Бөкейтау (1813.9м)