Астанада ФАО-ның ұлттық деңгейде айқындалатын үлесті бағалау құралы (NEXT) бойынша практикалық тренингі өтуде

Астанада ФАО-ның ұлттық деңгейде айқындалатын үлесті бағалау құралы (NEXT) бойынша практикалық тренингі өтуде

2026 жылғы 18–22 мамыр аралығында Астана қаласында ФАО-ның ұлттық деңгейде айқындалатын үлесті бағалау құралы — NEXT (NDC Expert Tool) бойынша практикалық тренинг өтуде. Іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) қолдауымен және Қазақстанның ұлттық серіктестерімен бірлесіп ұйымдастырылды.

Тренинг Париж келісімінің талаптары мен Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының (IPCC) әдіснамасына сәйкес агроазық-түлік жүйелеріндегі парниктік газдар шығарындыларын азайту шараларын бағалау, мониторингтеу және есептілік жүргізу саласындағы ұлттық әлеуетті нығайтуға бағытталған.

ФАО әзірлеген NEXT құралы елдерге ауыл шаруашылығы және жер пайдалану секторларындағы климаттық шаралардың әсерін бағалауға және бақылауға, сондай-ақ нәтижелерді ұлттық деңгейде айқындалатын үлестерге (NDC), ұзақ мерзімді даму стратегияларына және екіжылдық ашықтық есептеріне (BTR) енгізуге мүмкіндік береді.

Бес күндік тренинг барысында қатысушылар NEXT құралын практикалық қолдану, сценарийлік талдау әдістері, CO₂, CH₄ және N₂O шығарындыларын бағалау, сондай-ақ биомасса мен топырақтағы көміртек қорының өзгерістерін есептеу тәсілдерімен танысады. Орманды қалпына келтіру, жерді оңалту, топырақты басқару және ауыл шаруашылығы тәжірибелері мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, Ұлттық статистика бюросы, Жасыл Даму АҚ, ғылыми-зерттеу институттары, жоғары оқу орындары, сарапшылар қауымдастығы мен үкіметтік емес сектор өкілдері қатысуда.

Тренинг қорытындысы бойынша қатысушылар климаттық есептіліктің халықаралық құралдарын пайдалану бойынша практикалық дағдыларға ие болып, оларды Қазақстанның ұлттық климаттық міндеттемелерін іске асыруда қолдана алады.