
2026 жылғы 29 наурыз күні «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында, ителгілерді табиғи ортаға қосу шарасы өтті.
Аталған іс-шара 2026–2028 жылдарға арналған«Қазақстанның оңтүстік-шығысында ителгі популяциясын қалпына келтіру» жобасы аясында ұйымдастырылуда. Негізгі мақсат – Қазақстанның Қызыл кітабына енген сирек құстың санынқалпына келтіру, биоалуантүрлілікті сақтау және экологиялық тепе-теңдікті қолдау.
Іс-шара бағдарламасында құстарды салтанатты түрде ұшыру, экологиялық дәрістер, парк аумағы бойынша экскурсиялар, сондай-ақ құстарды бақылау және мониторинг жүргізу әдістерін таныстыру секілді танымдық шаралар жоспарланды.
Шараға Жетісу облыстық аумақтық инспекциясының, Зоология институтының, «Сұңқар» тұқымбағының, «Алтын-Емел» МҰТП-ның, сондай-ақ Жетісу облысының ветеринарлық қызметінің өкілдері қатысты.
Қонақтар қатарында Сауд Арабиясынан келген өкілдер де бар.
Жобаны іске асыру дала қыранының табиғи ортадағы санын арттыруға, өңірдің экожүйесін нығайтуға және қоғамның қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.