Ғылыми қызметкер «Құрмет» орденімен марапатталды

Ғылыми қызметкер «Құрмет» орденімен марапатталды

Елордада 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өткен салтанатты шарада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолынан Құрмет орденімен Науырзым мемлекеттік табиғи қорығының ғылыми қызметкері Зейнелова Мария Александровна марапатталды.

Зейнелова Мария Александровна еңбек жолын 1982 жылы Науырзым мемлекеттік табиғи қорығында кіші ғылыми қызметкер ретінде бастап, кейін ғылым бөлімінің бастығы қызметін атқарған. Қорықта 43 жыл еңбек еткен ол – жоғары білікті маман әрі беделді басшы.

Мария Александровна туристік жәрмеңкелерді, семинарлар мен кеңестерді, сондай-ақ «Науырзым мемлекеттік табиғи қорығы» РММ-нің түрлі іс-шараларын ұйымдастыру мен өткізуге белсенді атсалысты. Сонымен қатар өскелең ұрпақты тәрбиелеу, табиғатқа деген сүйіспеншілік пен ұқыптылықты қалыптастыру бағытындағы көпжылдық еңбегімен ерекшеленеді. Оның Науырзым мемлекеттік табиғи қорығы базасында экологиялық туризмді дамытуға қосқан үлесі зор.

Мария Александровна – Науырзым ауданының өсімдіктері, топырағы және ландшафттары картасының авторы, сондай-ақ көптеген ғылыми жарияланымдардың авторы. Ол қорықтың дамуы мен жетістіктеріне елеулі үлес қосты.

М.А. Зейнелованың қызметі кезеңінде 2007 жылы Бонн конвенциясы хатшылығы Науырзым көлдер жүйесін сирек кездесетін ақ тырнаның бір түрі – Стерхті қорғау жөніндегі халықаралық желіге сертификаттады. Сол жылы аумақ Қазақстанның негізгі орнитологиялық аумақтарының тізіміне енгізіліп, BirdLife International IBA сертификатына ие болды.

2008 жылы қорық Солтүстік Қазақстан даласы мен көлдері номинациясының құрамында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұра объектісі мәртебесіне ие болды. Ал 2009 жылы қорық халықаралық маңызы бар сулы-батпақты жерлердің Рамсар конвенциясы тізіміне енгізілді.

Жалпы, Мария Александровна Зейнелованың көпжылдық жемісті еңбегі Науырзым мемлекеттік табиғи қорығының дамуына, табиғи мұраны сақтауға, ғылыми және ағартушылық жұмысты ілгерілетуге зор үлес қосты. Оның кәсібилігі, ісіне деген адалдығы және табиғатты қорғау саласындағы елеулі жетістіктері мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, Құрмет орденімен марапатталды.