
2026 жылғы 25-27 ақпан аралығында Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің ұйымдастыруымен және Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы мен Неміс халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қоғамының (GIZ) қолдауымен Орталық Азия елдерінің Өңірлік экологиялық саммитіне (ӨЭС-2026) алдын ала дайындық кездесуі өтті.
Кездесуді ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Д.Тұрғамбаев ашты. Ол өзінің құттықтау сөзінде биоәртүрлілікті сақтау, орман экожүйелерін қалпына келтіру және трансшекаралық экологиялық сын-қатерлерге ден қою саласындағы Орталық Азия елдерінің күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті.
Іс-шараға Қырғыз Республикасының, Тәжікстан Республикасының, Өзбекстан Республикасының және Түркменстанның өкілдері, сондай-ақ БҰҰДБ (ПРООН), ФАО, GIZ, ЮНЕП, ЮНЕСКО, WWF, ХТҚО (МСОП) сияқты халықаралық ұйымдар мен даму жөніндегі серіктестер, сонымен қатар халықаралық конвенциялар хатшылықтарының өкілдері қатысты.
Кездесу аясында тараптар өзара бірін-бірі толықтыратын екі өңірлік бастаманы – «Жасыл қалқан» және «Өңірдің тұрақты дамуы жолындағы табиғатпен үйлесімділік» бастамаларын қалыптастыру мен келісу мәселелерін талқылады. Бұл бастамаларды ӨЭС-2026 саммитінде таныстыру және бекіту, содан кейін тиісті декларация мен қарарға (резолюцияға) қол қою жоспарлануда.
Шекарааралық биоалуантүрлілікті сақтау, орманды экожүйелерді, соның ішінде таулы ормандарды, сексеуілдіктер мен тоғайларды қалпына келтіру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ жерлердің деградациясы мен шөлейттенуіне қарсы іс-қимыл жасау және қаржы ресурстарын жұмылдырудың келісілген жүйесін қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Қатысушылар Орталық Азияның жаһандық маңызы бар табиғи капиталға, атап айтқанда Тянь-Шань мен Памир-Алай экожүйелеріне, сондай-ақ барыс, киік, құлан, арқар және басқа да сирек кездесетін түрлер мекендейтін далаларға, шөлдер мен сулы-батпақты алқаптарға ие екенін атап өтті. Сонымен қатар, өңір азық-түлік пен су қауіпсіздігіне, халықтың денсаулығына және инфрақұрылымның тұрақтылығына тікелей әсер ететін өсіп келе жатқан климаттық және экологиялық сын-қатерлерге тап болып отыр.
Кездесу қорытындысы бойынша ӨЭС-2026 саммитінде іс жүзінде іске асыруға дайын шешімдерді ұсыну үшін жобалық құжаттарды пысықтау, нәтижелер логикасын, үйлестіру тетіктері мен қаржылық архитектураны нақтылау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Алматы кездесуі өңірлік тұрақтылықтың негізі ретінде биоәртүрлілік, орманды қалпына келтіру және табиғатқа негізделген шешімдер мәселелері бойынша Орталық Азия елдерінің шоғырландырылған ұстанымын қалыптастырудағы маңызды кезең болды.