2026 жылы 20 ақпан күні Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі өзінің 30 жылдық мерейтойының ресми ашылуына арналған пресс-конференция өткізді.
Ұлттық парк 1996 жылы 164 450 гектар аумақпен құрылған болса, бүгінде оның көлемі 200 160 гектарға дейін ұлғайып, 30 жыл ішінде 35 710 гектарға кеңейді. Бұл – табиғи мұраны сақтау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту бағытындағы жүйелі мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі.
1996–2025 жылдар аралығында 1 637 гектар жерге 5 010 000 дана ағаш көшеттері отырғызылды. Қазіргі таңда 7 уақытша питомник орманды сапалы отырғызу материалдарымен қамтамасыз етуде.
Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында парк аумағында 4 орман өрт сөндіру станциясы жұмыс істейді, 41 өрт сөндіру жауынгері қызмет атқарады. 30 жыл ішінде 6 626,5 км өртке қарсы жол жөнделіп, 2 340 км өртке қарсы жолақтарға күтім жасалды.
Келушілер саны 30 жылда 34,5 есеге артып, 2025 жылы 945,9 мың адамға жетті. Осы кезеңде 3 211 экологиялық іс-шара ұйымдастырылып, 2 миллионнан астам волонтер мен экобелсенді қамтылды.
Туристік маршруттар саны 8-ден 46-ға дейін артты. Алдағы үш жылда тағы 30 жаңа маршрут ашу жоспары әзірленуде.
Ғылыми бағытта 2 генетикалық резерват жұмыс істейді. Қызыл кітапқа енген Сиверс алмасының клон мұрағаты құрылып, сирек өсімдіктердің генетикалық қорын сақтау жұмыстары жүргізілуде.
Сирек жануарлар саны тұрақты өсуде:
– Ілбіс – 39 дарақ;
– Қоңыр аю – 85 дарақ;
– Тас сусары – 493 дарақ;
– Бүркіт – 97 дарақ.
Парк құрылғаннан бері 350-ден астам ғылыми мақала жарияланып, 8 000-нан астам ғылыми-танымдық материал жарық көрді. 2024 жылы ұлттық парктер арасында алғаш рет in-vitro зертханасы ашылды. 2025 жылы орманды қорғауда алғаш рет авиациялық өңдеу әдісі қолданылды.
Сондай-ақ, инвестициялық жобалар саны 1-ден 94-ке дейін артты. Бүгінде парк аумағында 3 шаңғы курорты, 5 визит-орталық және бірқатар заманауи демалыс нысандары жұмыс істейді.
Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі алдағы уақытта да табиғатты қорғау, ғылыми зерттеулерді дамыту және тұрақты туризмді ілгерілету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады.